Келесі жылдан бастап елордада жеке құжат алған азаматтардан саусақ ізі алынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының басшысы Арман Баймұхамет мәлім етті.
«Жеке басын куәландыратын құжатты беру механизмі жетілдірілді. Биыл 3 айдың ішінде 48 мың 744 төлқұжат пен жеке куәлік берілді. Құжаттарды дайындауға кететін уақыт та қысқарды. Яғни жалпы тәртіпке сәйкес 20 жұмыс күні ішінде, ал жеделдетілген тәртіпте 3 жұмыс күнінде құжат дайын болады. Сонымен қатар мемлекеттік корпорациямен бірлесе отырып құжат дайындау қызметі мүмкіндігі шектеулі 112 азаматтың үйіне барып көрсетілді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының басшысы Арман Баймұхамет.
Сондай-ақ, спикер жалған құжат жасаумен күрес шаралары туралы айтты. Алдағы жылы елорда тұрғындарына жеке құжат берілген сәтте саусақ ізі алынатынын жеткізді.
«Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерін АХАЖ-бен интеграциялаудың аясында жалған құжат жасаудың алдын алу, анықтау жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Сол сияқты құжат әзірлеуде әкімшілік кедергілер жойылды. Енді біз азаматтардан тегін, туған күні және туған жерін, азаматтығы мен басқа да жеке деректерін өзгерткені туралы құжаттарын талап етпейтін боламыз. 2023 жылдан бастап жеке басын куәландыратын құжаттарды алған немесе ауыстырған кезде саусақ ізін енгізуді жүзеге асыру жоспарланған. Қазір аталған жаңашылдық Сарыарқа аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында пилоттық режимде жүзеге асып жатыр. Бұл заңсыз құжаттама қаупін одан әрі төмендетеді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының басшысы Арман Баймұхамет.