«Бізде күшті және жойқын жер сілкінісі болмайды». Бұл туралы Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – өткен түнде Алматыда болған жер сілкінісі. Таудағы бейнебақылау камерасына таспаланған жазбадан қаланың тербелгенін, кейбір аймақтарда тіпті жарық өшкенін байқауға болады. Ресми дерек бойынша, алғашқы дүмпу сағат 12:09-да тіркелген. Жер сілкінісі көпқабатты тұрғын үйлерде ерекше сезілді.
Алматыдағы жер дүмпуі 5 балға жетті. Айтып келмейтін зілзаладан үрейленген жұрт эвакуация жасауға кірісті. Тұрғындардың бәрі дерлік далада жүрді. «Дүмпудің қайта соғатыны бар» деп сақтанғандар, тіпті қолға түскен затын тиеп, көлігі барлар қала сыртына шығуға ұмтылды.
– Жер сілкініп, аспалы шам қозғалып жатқан кезде баламды көтеріп, жүгіріп шықтық. Кимін де кигізбей, көрпеге орап сыртқа ұмтылдық. Дүмпу 2-3 минуттай болды, – деді қала тұрғыны.
– Қорқып қалдық. Екінші рет қайталанғанда үйдегі заттар құлады. Оған қараған жоқпыз. Далаға шығып кеттік, – деді қала тұрғыны.
Қатты сезілген зілзаладан кейін 30 минут өтер-өтпес уақытта Алматының шығаберіс жолдарында кептеліс болды. Жанармай бекеттерінде де ұзын-сонар кезек. Әлеуметтік желіде жағдайға қатысты тараған жалған мәліметтерден қорқыныш ұлғайды. Бірақ оның бәрін сейсмологтар жоққа шығарды.
– Алматы мен бірқатар өңірдегі тұрғындар сезген жер сілкінісі көршілес Қырғызстан мен Қытайдағы жойқын зілзаладан келген афтершоктар. Бұл біздің елде ғана емес, Орталық Азиядағы бірнеше мемлекеттің аумағында білінді. Бір түнде 10-нан астам афтершок тіркелді. Тұрғындарымыз соның екеуін ғана сезді, – деді Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев.
Дүмпу қайта болғаны рас. Бірақ алғашқымен салыстырғанда қатты сезілмеді. Мәліметке сүйенсек, өткен түні жағдайға байланысты іске қосылған жедел желіге азаматтардан 377 қоңырау түскен.
Оразай Нұртайұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда сиреналар қашан қосылады