Әлеуметтік қызметкерлер күнінде Наурызбай ауданының үздік мамандары марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл күні мұқтаж жандарға қолдан келгенше көмек беріп, ісін тиянақты атқаратын қызметкерлер құрметке бөленді. Бүгінде Алматының Наурызбай ауданында 11 мыңға жуық әлеуметтік санаттағы отбасы бар. Ал тіркеуде тұрған мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 3300-ден асады екен. Олардың 700-і – кәмелетке толмаған балалар.
«Қазір өздеріңіз білесіздер, мемлекетіміздің негізгі саясаты әлеуметті қолдау. Бұл бағыттағы жүргізіліп жатқан жұмыстарға келер болсақ, бүгінгі күні ауданда барлық жағдай мемлекеттік деңгейде жасалған. Ауданымыз бойынша 4 әлеуметтік ұйым бар. Олар: «Үмітіңді үзбе», «Аманат», «Аналар үйі», «Ана тілегі», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысанәлиев.
«Дәрігерлер адамның жанына араша болса, біздер жылы сөзімізбен, өзіміздің әрекетімізбен мүгедек балалардың жанына сая болуға тырысамыз. Ата-аналармен жұмыс істейміз, психологиялық көмек көрсетеміз», – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Наурызбай ауданы бөлімінің әлеуметтік қызметкері Күлімхан Төлебиева.