Алматыда жабайы сауда базарларымен күрес жалғасуда. 2018 жылдан бастап дау болған «Рахат» сауда орнының аумағына бақ салынатын болды. Апелляциялық сот Жетісу ауданы әкімдігінің бастамасын қолдап, жайлап кеткен жайма базардың орнын көгалдандыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаладағы заңсыз сауда орындарын модернизациялау қарқынды жүріп, 2025 жылға дейін толық аяқталмақ.
«Қазір барлық жағдай жасалған». Бұрын ашық базардағы сауданы күнкөріс еткен кәсіпкерлер жаңа жерге көшіп, жұмыстың әлдеқайда жеңілдегенін жеткізді. Жабайы сауда орындарында тазалық нормалары мен өрт қауіпсіздігі сақталмайтын.
– Іші таза, жазда салқын, қыста жылы. Қауіпсіздік сақталған. Жеке кәсіпкермін, заңды құжаттар бар, – деді кәсіпкер Әлиғазы Дәулетбай.
– Ашық алаңда суық болатын. Қыста 2-3 ай базарда сауда жасай алмаймыз. Тапсырысты үйде қабылдауға тура келеді, – деді кәсіпкер Ләззат Тұрсынғазы.
Мүдделі мемлекеттік органдар жабайы сауданы жою мақсатында кешенді жұмыс атқарып жатыр. Қазір қалада барлығы 60 базар бар, оның 70 пайызы модернизациядан өтті. Қалған аймақ жоспар бойынша келер жылдың аяғына дейін толық игеріледі. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, «Рахат» сауда орталығына қатысты сот ісі басталғалы 130-ға жуық кәсіпкер жақын аумақтағы сауда нүктелеріне жайғастырылған. Қазір жұмысын жалғастырып жатқан 25 саудагерге жаңа базарлардан жеңілдікпен орын ұсынылды.
– Базарда санитарлық, өрт сөндіру нормалары бар, дұрыс сақталмаған. 20-25 кәсіпкерге аудан әкімдігі көмек көрсетті. Ол басқа базарға ауысқан кезде төлемақысы немесе басқа да сұрақ бойынша кеңес беріледі, – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Нұрқасымов.
Еске салайық, «Рахат» әмбебап базары бойынша сот процесі 2018 жылы басталған. Қазіргі уақытта қала әкімдігінің 2023 жылғы қаулысына сәйкес, жер Жетісу ауданы әкімінің аппаратына өтті. Жалға алушыларға бірнеше рет түсіндірме жұмысын жүргізіп, жер учаскесін босату туралы хабарламалар жеткізілген. Ендігі жерде бұл аумақта көркейту жұмыстары жүргізіледі.
Белгіленген нысан бойынша жалдау шарты аяқталған соң, компания өкілдері оны ұзартқысы келді. Бірақ жер комиссиясы өтінішті мақұлдамады, өйткені аумақ нормаларға сай келмей, қызыл сызықтың бойында орналасқан. Жер телімі 2023 жылы қаңтарда Жетісу ауданының меншігіне өтті. Ол аймақта көгалдандыру жүргізіліп, болашақта бақ салынуы мүмкін, – деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Дамир Әкежанов.
Жабайы сауданы жөнге салу үшін мегаполистегі 4 базарда биыл кешенді жұмыс атқарылуда. «Ақорда» сауда кешені де жақында мемлекет меншігіне өтіп, оның аумағына мектеп салынатын болады.
Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда «Терренкур» саябақ аймағы қайта жаңартылуда