Атырау қаласының тұрғыны Лаура Сүлейменоваға Air Astana әуе компаниясы ұсынған астан шеге тәрізді зат шығып, әйелдің тамағына қадалған. Ал компания әйелге өтемақы ретінде берген жеңілдік сертификаты жарамсыз болып шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.
8 тамыз күні Лаура Сүлейменова кішкентай қызы екеуі Атыраудан Алматыға Air Astana ұшағымен ұшқан. Әуе компаниясы ұсынған тауық етін жеп отырған кезде, қатты зат тамағына тіреледі. Қараса – шегеге ұқсайтын, қатты қара зат.
«Еліміздің ең қымбат әуе компаниясы ұсынған асынан өміріме қауіп төнеді деп ойламағанмын. Бірден бортсерікті шақырдым, оның өзі 10 минут күттіріп келді. Шегені көре сала шошып кетті де, жүгіріп аға бортсерікті шақырды. Олар акт толтырып, кешірім ретінде 20 доллар жеңілдік беретін сертификат ұсынды. Өміріме төнген қауіпті ойласам да, әрі қарай шу көтергім келген жоқ. Сертификатты қабылдадым. Шеге қызымнан тамағынан шықпағанына шүкір еттім», – дейді Лаура Сүлейменова.
Алайда екі айдай уақыт өтсе де, «Тексеру амалдарын жүргіземіз» деп уәде берген Air Astana-дан ешкім хабарласпаған. Ал 23 тамыз күні Сүлейменоваға «Тамақ дайындау цехында ешқандай шеге болуы мүмкін емес» деген сыңайдағы хат келген.
«Еліміздің алдыңғы қатарлы әуе компаниясы үшін жолаушылардың өмірі және өздерінің абыройы көк тиын екен. Қазақылыққа салынып, бұл оқиға жабулы күйі қалды», – дейді Лаура Сүлейменова.
Air Astana берген 20 долларлық сертификатқа оралсақ: Лаура Сүлейменова өткен аптада Атыраудан Алматыға билет алу үшін әлгі сертификатты пайдаланбақ болады. Алайда сертификат жарамсыз болып шығады.
«Берген тамағынан шеге шыққанына екі айдай уақыт өтті. Мардымды жауап берген жоқ. Тамақтан шеге қалай шықты? Акт толтырылса да, неге ресми түрде кешірім сұрамады? Неге жалған сертификат берді? Осы сұрақтарым жауапсыз қалды», – дейді Лаура Сүлейменова.
AirAstana әуе компаниясындағылар осы мәселе бойынша ішкі тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады.