СҚО-дағы Белое ауылында су мәселесі шешілді

15.12.2023 18:57

Айта кетейік, су құбырын салу жұмыстары 2021 жылы басталған

Almaty.tv

СҚО-дағы Мамлют ауданы Белое ауылында су мәселесі шешімін тапты. Биыл наурыз айында елдімекен тұрғындары су құбыры құрылысының созылып кеткенін айтып шағымданған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қақаған суықта халық қар суын ерітіп ішуге мәжбүр болған. Бұл мәселе бойынша жергілікті әкім сұқбатында техника дұрыс қадағаланбағанын айтқан. Алайда облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі ақпаратты жоққа шығарды.

– Зерттелген дәлелдемелердің талдауына сүйене отырып, сот техникалық қадағалау ай сайын есеп жіберіп, тапсырыс беруші мен уәкілетті органның құрылыс барысы туралы хабардар етіп отырды деген қорытындыға келді. Техникалық қадағалау ескертулері нұсқамаларда да, мемлекеттік сәулет құрылысы органдарының да есептерінде көрсетілген, – деді Белое ауылдық округінің әкімі Әділхан Разиев.

Белое ауылдық округінің әкімі нысанның уақытылы тапсырылмауына техникалық қадағалаудың кінәсі жоқ екенін айтты. Шарт бойынша міндеттемелер тиісінше орындалыпты.

Айта кетейік, су құбырын салу жұмыстары 2021 жылы басталған. Оған бюджеттен 690 миллион теңге құйылған.

– Бүгінгі таңда Белое ауылындағы 219 ауланың 168-і суға қосылған. Әзірге айтарлықтай мәселе жоқ. Су бар. Аязды күндер болса да, ешқандай проблема жоқ, – деді Белое ауылдық округінің әкімі Әділхан Разиев.

Оқи отырыңыз: Жамбылда 557 адам қар құрсауынан құтқарылды