Қаңтар оқиғасы кезінде орнын тастап, қашып кеткен құқық қорғау органдарының басшылары он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы еліміздің Бас прокуратура өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін депутат Ерлан Сайыров осы мәселені көтеріп, құзырлы орган қызметкеріне сұрақ қойған еді. Өз сөзінде жаппай тәртіпсіздік кезінде Талдықорған қаласы, Жамбыл және Қызылорда облысының тәртіп сақшылары қызметін тастап кеткеніне тоқталды. Ал Бас прокуратура өкілі оларға қатысты шара қабылданып жатқанын алға тартты.
«Өзінің құрылымын тастап кету, болмаса өзінің өкілеттігін дұрыс пайдаланбау сияқты мәселе бойынша қылмыстық кодексте тиісті жаңа бап көрсетілді. 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру мәселесі көрсетілген», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев.
Ал Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева сарбаздар арасындағы зорлық-зомбылықты тоқтату керек деп дабыл қағып отыр. Оның айтуынша, әскери қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау деректері әлі күнге дейін жойылмай тұр. Қорғаныс министрлігінің осындай жағдайдың алдын алатын шаралары тиімсіз.
«Әскери полиция құқық қорғау органы болғандықтан құқық бұзушылықтың алдын алуға баса назар аударуы керек деп есептеймін. Сонымен қатар, бұл қызметті үйлестіруді және осы бағыттағы олқылық үшін жауапкершілікті әскери полицияға тапсыруды ұсынамын», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева.