Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа арналған монументтің ашылу рәсімі өтті. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимде қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі Қазақстанның негізін қалағанын, егемен еліміздің стратегиялық даму жолын айқындап, халқымызды ортақ мақсатқа жұмылдырғанын атап өтті.
«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған ұлы қайраткер. Ол мемлекетімізді бүкіл әлемге танытты. Егемен еліміздің стратегиялық даму жолын айқындап, халқымызды ортақ мақсатқа жұмылдырды. Тұрақтылық пен татулық, береке мен бірлік – Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі. Кез келген мемлекеттің тарихында өшпес із қалдырған бірегей тұлғалар бар. Олардың сіңірген еңбегін бағалай білу және жан-жақты дәріптеу – өскелең ұрпақтың парызы», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның Қарулы Күштері Тұңғыш Президенттің Жарлығымен құрылғандықтан, бұл монументтің Ұлттық қорғаныс университетінде орнатылуының символдық мәні зор. Елбасы еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше көңіл бөлді. Сондай-ақ, Жоғарғы Бас қолбасшы әскеріміздің қанша жерден заманауи техникалармен жабдықталғанымен, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында армияның жеке құрамы негізгі фактор болып қала беретінін айтты. Сондықтан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ең мықты әскери кадрлар сапалы әскери білім беру ісін ұйымдастыруға жұмылдырылды. Бүгінде Қазақстанда орта әскери оқу орындарынан бастап халықаралық деңгейдегі университетке дейінгі аралықта көпсатылы білім жүйесі қалыптасты.
«Халқымызда «Ел ерлерімен еңселі» деген қанатты сөз бар. Шын мәнінде, Қарулы Күштері қуатты мемлекеттің бірлігі бекем, абыройы асқақ болады. Сондықтан біз армиямыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қашанда баса мән береміз. Бұл ретте білім мен ғылымның алатын орны ерекше. Ұлттық қорғаныс университеті алдағы уақытта да білікті мамандар дайындау ісіне мол үлес қосады деп сенемін», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.