«Шымкент - адалдық алаңы» жобасы аясында Шымкенттен өтетін пойыздарда жолаушы тасымалдау барысына рейд жүргізілді. «Алматы - Саратов», «Түркістан -Алматы», «Сарыағаш - Астана» және «Новосібір - Ташкент» секілді төрт жолаушылар пойызы тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға «Шымкент - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, сондай-ақ қалалық көліктік бақылау инспекциясы мамандары және арнайы мониторинг тобының мүшелері қатысты.
Екі күндік рейд кезінде «Новосібір - Ташкент» пойызының Түлкібас-Арыс учаскесінде 4 билетсіз жолаушы анықталды. Ал, «Түркістан - Алматы» бағытындағы №072 пойызда мүгедектер арбасымен қозғалатын тұлғаларды отырғызатын және түсіретін көтергіш құрылғысы бар вагон болмай шықты.
Сонымен қатар, төсек-орын тыстарының қолдану мерзімі өтіп кеткен. Рейд нәтижесі бойынша Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 623-бабы, 4-бөлігімен пойыз жолсерігіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Аталған заңбұзушылықтар үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ заңды тұлғасы «Южный» аймақтық филиалы басшылығы ҚР ӘҚБтК-нің 571-бабының 4-бөлігіне сәйкес жауапкершілікке тартылады.