140 секундты азайтса: атыраулықтар көшедегі ұзақ жанатын бағдаршамның уақытын өзгертуді сұрайды

03.09.2026 16:25

Полиция тарапынан мердігер мекемеге тапсырма берілді

Атыраулық көлік жүргізушілер ең ұзақ жанатын бағдаршамға қатысты наразылығын жеткізді. Құрманғазы көшесіндегі 140 секунд бойы қызарып тұратын жолдағы қозғалысты реттейтін құрылғының кесірінен жүріс баяулап, кептеліс көбейген. Көпшілік полиция департаментінен оның уақытын қысқартуды өтініп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ең ұзақ жанатын бағдаршам Құрманғазы көшесі мен сауда орталығы және бірнеше көпқабатты үйдің қиылысындағы қозғалысты реттейді. Негізгі көшедегі көлік ағыны көбейген сайын, қиылыстағы кептеліс те арта түскен. Нақтырақ айтсақ, Құрманғазы көшесі үшін бағдаршамның қызыл түсі 140 секунд жанса, екінші жақты бар болғаны 30 секунд шектейді. Салдарынан көлік кептелісі көбейген.

БЛИЦ:

«Ұзақтау, 140 секундты 100 секундқа азайтса жақсы болар еді. Жасыл түстің уақытын көбейтсе, өйткені ары жақтан келе жатқанда жылдамдықты бәсеңдететін кедергі бар, содан жайлап өтеміз де, уақытында үлгермей қаламыз».

 «Кішкене, 60 секунд қойса жетеді деп ойлаймын. Былай ыңғайсыз. Себебі мына жақта көлік көп тұрады, ар жаққа өту қиындау болады».

 «Өте көп, бұрылуға өте аз уақыт беріледі. Қазір демалыс күндері өту үшін 5 секунд қана беріледі, бұл мүмкін емес деп ойлаймын».

Полиция департаментінің айтуынша, аталған бағдаршам 2 жыл бұрын Құрманғазы көшесіндегі жол көлік оқиғасын азайту мақсатында қойылған. Алайда қиылыстағы құрылғыны сауда орталығы қаржыландырып, өздеріне басымдық жасап алған көрінеді. Полиция тарапынан мердігер мекемеге тапсырма берілді. Енді бағдаршамның жұмыс уақыты негізгі көшедегі көлік ағынына сәйкестендіріледі. 

«Қазіргі таңда көлік ағынын ескере отырып, бағдаршамның жұмыс уақытын реттеу үшін жауапты мердігер мекемеге тиісті тапсырма берілді. Бұл арқылы көлік қозғалысын реттеп, кептелісті азайту көзделіп отыр. Қазіргі уақытта аталған мәселе полицияның бақылауында. Алдағы уақытта да осы жағдайды реттеу үшін жұмыстар жалғасады», – деді Атырау облысы Полиция департаменті Ақпараттық саясат бөлімінің инспекторы Асылай Айбекқызы.

Айта кетейік, Атырау облысында 167 мыңнан аса көлік тіркелген. Көрсеткіш тұрақты түрде артып келеді. Қалада жыл басталғалы 900-ден аса жол көлік оқиғасы тіркелген.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Қызылорда көшелерінде кортеж ұйымдастырғандар ұсталды

Толық көрсету