Қызылорда көшелерінде кортеж ұйымдастырғандар ұсталды

Құқық бұзушылар әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында назарға іліккен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылордада жол ережесін өрескел бұзып, кортеж ұйымдастырғандар азаймай тұр. Бұл жолы қала көшелерінде желіккен жастар маневр жасап, авариялық сигнал беру қағидасын бұзған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тіпті мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік басқарғандар да бар. Құқық бұзушылар әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында назарға іліккен. Полиция жауаптыларды анықтап, әкімшілік айыппұл салды. Бір автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

«Олар жол ережесін елемей, жол жүрісі, маневр жасау қағидаларын, авариялық сигнал беруді қолдану қағидаларын бұзған және мемлекеттік тіркеу нөмірсіз көлік құралын басқарған. Барлық қатысушылар анықталып, полицияға жеткізілді. Олар – 20-35 жас аралығындағы Қызылорда қаласының тұрғындары. 6 құқық бұзушыға қатысты 15 хаттама рәсімделіп, айыппұл салынды», – деді Қызылорда облысы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мұратбек Манатов.

Оқи отырыңыз: Жолдағы қауіп: ШҚО-да қараусыз жүрген 5 мыңнан аса мал айып тұрағына қамалды