Көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек 1 сәуірден бастап берілуі керек. Президент премьер-министр Асқар Мамин мен оның орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованы қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұрсұлтан Назарбаев кеңес барысында осыдан бір апта бұрын «Нұр Отан» партиясының 18-ші съезінде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету туралы тапсырманың орындау барысын сұрады. Үкімет басшысы Асқар Мамин өз жауабында осындай отбасыларға әлеуметтік көмектің жол карталары тағайындалып, оған жауапты мемлекеттік органдар бекітілді деді.
«Нұр Отан» партиясы съезінде Сіз жариялаған әлеуметтік қамқорлық шараларыңызды орындау мақсатында Үкімет нақты шаралар ұйымдастыруда. Біріншіден, аталған шаралардың әрбір бағыты әзірленді. Орындау мерзімі мен жауапты мемлекеттік органдар бекітілді. Екіншіден, бюджет нақтылау мәселелері келесі Үкімет отырысында қарастырылады және Парламентке енгізілетін болады», – деді ҚР премьер-министрі Асқар МАМИН.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл ауқымды шараның сапалы орындалуын тапсырды. Сондай-ақ ол осы қолға алынған шаралардың ақпараттық насихатын дұрыстап қолға алуын да меңзеді.
«Бағыттарыңның барлығы да дұрыс. Елге осының барлығын түсіндірген жөн. Күтіп, үміт етіп отырған адамдар көп. Барлығына түсіндіру керек. Кейбір адамдар «Үкіметтін сұрасақ, бере береді» деп ойлайды. Ол ақша қайдан келеді? Біз қазір ол ақшаны салық төлеп отырған бүікл Қазақстаннның азаматтарының ақшасынан бөліп жатырмыз. Мемлекет болғаннан кейін, қай жақты болмасын, тең ұстауымыз керек. Әсіресе, халі нашар адамдарға көмектесуіміз керек. Ең бірінші, әл-ауқаты өте төмен адамдарға 1 сәуірден бастап төлей бастайық. Мен басқасының барлығына жылдың ортасынан деп айттым ғой өз сөзімде. Оның бәрін солай жасаймыз. Бірақ жағдайы тым төмен, көпбалалы отбасыларға мүмкіндігінше қаражатты 1 сәуірден бастап төлей бастайық», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.