СҚО-да мемлекеттік бағдарламамен салынған баспана сапасы сын көтермейді

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұрғын үй өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы арқылы тұрғындарға берілген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстанда мемлекеттік бағдарламамен салынған баспана сапасы сын көтермейді. Тұрғын үйге тұрғындар 2 жыл бұрын қоныстанған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл  СҚО-дағы Мәмлүт ауданы. Қаз қатар тізілген жеке секторлы тұрғын үй өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы арқылы тұрғындарға берілген.  Арада жыл өтпей, үйдің сапасы сыр бере бастаған.

– Жертөле де шіріп жатыр. Қабырғасы жұқа. Ауылда отырып 3 тонна көмір жақсам, бұл үйді жылыту үшін 6-7 тонна қара отын керек, – деді Мәмлүт ауданының тұрғыны Марат Самсабеков.

Осы үйлердің бірінде күні кеше өрт шығып, бүтін бір отбасы жапа шекті. Тұрғындардың айтуынша, қызыл жалын тоқ сымдарының дұрыс орнатылмағанынан болуы мүмкін. Соның салдарынан 5 адам жапа шегіп, 1 бала ауруханада жатыр.

– Былтыр күзде тұрғындар пешті жөндемек болған. Рұқсат етпеді. Өйткені тұрғын жекеменшікке толық өтпеген. Өздері жөндейміз деген, бірақ өзгерген ештеңе жоқ, – деді Мәмлүт ауданының тұрғыны Әсем Құлбаева.

Бағдарлама талабына сәйкес еліміздің өзге өңірінен келген тұрғындарға баспана жеңілдетілген шартпен берілген. Яғни, 5 жылға дейін жалға алу құны мен коммуналдық шығындарды төлейді. Содан кейін ғана үйді өз атына рәсімдеп, сатып ала алады. Алайда қарапайым қараша «сылағы түскелі тұрған үй алдағы 5 жылға шыдайды» деген сөзге сену қиын деп отыр. Жергілікті әкімдік тұрғындар арызынан кейін үйлерді тексеру үшін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді.

– Жоспар бойынша кесте құрылды. Соған сәйкес тұрғын үйлерді тексеріп шығамыз. Кейіннен әр үйге акт толтырылады. Комиссия шығарған қорытындыға сәйкес кемшіліктер жойылады, – деді Мәмлүт ауданы әкім орынбасарының міндетін атқарушы Темірлан Мамашарипов.

Жергілікті әкімдік тұрғын үйді қайта жөндеу үшін бюджеттен қаржы қарастырылмайтынын кесіп айтты. Енді тұрғындарға шығынды кімнің және қашан беретіні белгісіз.

Ұлағат Арғын, Ернат Елдосұлы «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан

Оқи отырыңыз: Тілсіз жау: СҚО-да көпбалалы отбасы баспанасыз қалды

Новости партнеров