|
13.02.2024 | 18:45
2082

Тілсіз жау: СҚО-да көпбалалы отбасы баспанасыз қалды

Баспананың өртке орануына тоқтың қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін

Тілсіз жау: СҚО-да көпбалалы отбасы баспанасыз қалды Almaty.tv

СҚО-дағы Мәмлүт ауданында тілсіз жаудың кесірінен көпбалалы отбасы баспанасыз қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тоқтанаевтар бұл ауылға Тараз қаласынан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қоныс аударған. Көпбалалы отбасы үйіне жөндеу жұмыстарынан кейін қоныс тойды да жасап үлгерген. Бірақ айтып келмеген апат бәрінің күлін көкке ұшырды.

– Мен есіктен далаға қашып шықтым. Жолдасым балаларды терезеден беріп тұрды. Мен машинаға тасыдым. Біз шығып үлгердік, үй өртке оранды, – деді көпбалалы ана Мақпал Тоқтанаева.

Оқыс оқиға кезінде көпбалалы ананың 5 перзенті де зардап шеккен. Кенжесі – 9 айлық болса, үлкені мүшел жасқа енді кіріпті. Балалардың денесін күйік шалып, газға уланған. Ал ауыр халде жатқаны - 5 жастағы Әлинұр. Ол 10 күннен бері дәрігерлердің бақылауында жатыр.

– Екеуінің жағдайы ауыр, жансақтау бөліміне жатқыздық. Біреуі әлі травмотология бөлімшесінде ем алып жатыр. Екінші дәрежелі күйік шалған, – деді облыстық Балалар ауруханасы директорының орынбасары Александр Гассман.

Мамандар жағымсыз жайттың жай-жапсарын анықтап жатыр. Төтеншеліктердің айтуынша, баспананың өртке орануына тоқтың қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін.

– Біз үйдің қожайынымен сөйлестік. Олар үйге келгенде жарық болмаған. Автоматтары да өшіп тұрған. Олар бірнеше рет қосуға тырысқан. Алайда жарықты қоса алмапты. Сол сәтте тоқтың қысқа тұйықталуы мүмкін, – деді Мәмлүт ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Әмір Бекшентаев.

Оқыс оқиғадан соң шенділер «Еңбек» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлерді тексеруге кіріскен. Ал зардап шеккен отбасы уақытша жалдамалы пәтерге қоныстанды.

– 5 ақпанда коммуналдық кәсіпорынның балансындағы жалға берілетін  үйлерді қарастырып, солардың біріне Тоқтанаевтар отбасын жайғастырдық. Олар баспанасы жарамды болғанша сонда тұрады, – деді Мәмлүт ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы темірлан Мамашәріпов.

Айта кетейік, қазір зардап шеккен отбасыға жақындары, кәсіпкерлер мен жомарт жандар көмек көрсетіп жатыр.

Гүлмарал Изатқызы, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО

Оқи отырыңыз: Автобус апаты: үш адам ауруханаға жатқызылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир