Қала басшысы Ерболат Досаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аты аңызға айналған актер, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовті 85 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы әкімі әртіске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің құттықтауын жеткізді. Асанәлі Әшімов құттықтаулар мен ізгі тілектерді жақындарының ортасында қабылдады.
Кездесу барысында қала әкімі әртістің театр өнері мен кинематографтың дамуына қосқан зор жеке үлесін атап өтті. Ең жарқын және есте қаларлық рөлдерді актер отандық киноның алтын қорына енген «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Жаушы» және т.б. фильмдерде сомдады.
«Сізді мерей тойыңызбен ерекше құрметпен құтықтаймын. Сіз шын мәнісінде бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне лайықсыз. Біздің бірнеше ұрпағымыз сіздің фильмдеріңізді көріп өсті. Сіз отандық кино тарихында ерекше орын аласыз. Бүгін өнер саласындағы бастамалар мен жобаларды қолдайсыз және ілгерілетесіз, жастарға тәлім беріп, елімізді шет елдерде дәріптейсіз», – деді Ерболат Досаев аты аңызға айналған актерге ұзақ өмір және шығармашылық жетістіктер тіледі.
Қазіргі уақытта Асанәлі Әшімов белсенді жұмысын жалғастырып, Қазақстан театрлары қауымдастығын басқарады, М. Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық театрдың, сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясының көркемдік жетекшісі болып табылады.
Асанәлі Әшімовтің мерейтойына арналған салтанатты іс-шара 2022 жылғы 27 мамырда Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында өтеді. Шара барысында театр және кино шеберлеріне алғаш рет «Асанәлі» сыйлығы табыс етіледі.