«Жолсеріктер пойызда әйел зорлады»: Бас көлік прокуроры мәлімдеме жасады

Фото Vlast.kz
Фото Vlast.kz
Былтыр қараша айында Тальго жолсеріктері жолаушы әйелге қиянат жасаған болатын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Зорлау ісі бойынша айыпты деп танылған бұрынғы жолсеріктерге қатысты сот үкімінің заңдылығы мен негізділігі тексеріледі. Бұл туралы Бас көлік прокуроры Ернат Сыбанқұлов хабарлады, деп жазды Sputnik.

Бұған дейін Жетес Үмбетәлиев пен Қолқанат Құрманиязов екі жыл және алты айға бас бостандығынан айырылған болатын. Үмбетәлиев үш ай үй қамақта отырғандықтан, жазасын екі жыл үш ай ғана өтейді. Қазақстандықтар әлеуметтік желіде бұл үкімге наразылықтарын білдірді.

"Бас көлік прокуратурасы "Нұрлы жол - Ақтөбе" бағытындағы №98 пойыз вагонында жолаушыны зорлау оқиғасы бойынша қылмыстық іске қатысты сот жарыссөзі барысында прокурор айыптауды толық көлемде қолдап, кінәлі адамдарды 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын сұрағанын хабарлайды. Сот өзге шешім қабылдады. Қазіргі кезде сот үкімінің заңдылығы мен негізділігі зерттеліп жатыр", - деп жазды Сыбанқұлов Facebook парақшасында.


Былтыр қараша айында "НеМолчиKZ" зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық қозғалыс" қорының басшысы Дина Таңсәрі (Смайылова) жантүршігерлік оқиға туралы жазды.

Оның айтуынша, елордадағы ғылыми конференциядан Ақтөбеге қайтып бара жатқан әйелді "Тұлпар-Тальго" пойызында екі жолсерік бірінен соң бірі зорлаған.

Судья бұл оқиғаны жабылып зорлау деудің орнына "әдеттегі әйел зорлау" деп бағалады. Таңсәрінің сөзіне сүйенсек, сотталғандар жәбірленушіден кешірім сұрамақ түгіл, жасаған ісіне өкінбейтін көрінеді.

Қоғам назарына іліккен істен кейін қызметкерлердің кезектен тыс аттестациясы өтеді, деп хабарлады "Жолаушылар тасымалы".


Новости партнеров