Жеңілдікпен көлік несиесін беру бағдарламасына 10 миллиард теңге бөлінеді

Жеңілдікпен көлік несиесін беру бағдарламасына 10 миллиард теңге бөлінеді
2015-2018 жылдары аталмыш бағдарлама аясында 13 992 көлік құралы және 747 коммерциялық техника сатылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев елдегі цифрландыруды жүзеге асыратын органдардың салғырт жұмысын сынады. Премьер-министрдің айтуынша, аталмыш салада бойынша жергілікті басқару мекемелерінде өзара байланыс жоқ, әрқайсысы өз бетімен жұмыс жасайды. Үкіметте министрлер басқасуында Жеңіс Қасымбек жеңілдетілген автонесиелеу жайын да баяндады. Отандық автоөндірушілерді қолдау мақсатында биыл бұл бағытқа 10 миллиард теңге тағы да бөлінбек. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатады.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына жауапты министр Дәурен Абаев бір жылдан бері атқарылған жұмыс жайын баяндады. Оған сенсек, жұмысты жылдамдату, қағазбастылықтан бас тартуға бағытталған цифрландыру отын-энергетикалық, тау-кен, көліктік-логистика және ауылшаруашылық сынды маңызды салаларға енгізілген. Ақпарат және коммуникациялар министрі биыл мемлекеттік қызметкерлер жұмысының 80 пайызы толық электронды форматқа өтеді деді. Алайда, Үкімет басшысы бір жыл бұрын қолға алынған бағдарламаның облыстарда әлі де баяу, сылбыр жүріп жатқанын сынады.          

«Біздің мемлекеттік органдар және жергілікті жердегі басқару органдарының өзара байланыстары жоқ, әрқайсысы өз бағыттары бойынша жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бір келісіп жасалып отырған жұмыстың деңгейі нақты көрінбейді, яғни бұл жерде бізге цифрландырудың беретін әсерін бағалау қажет және оған мониторинг жүргізу керек. Осы мониторинг жүргізудің негізгі әдістемесі жоқ. Есептеуді әр басқару органы өз түсінігі бойынша жалғастыруда», – деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек елімізде құрастырылатын көліктерді несиелеуге тағы да бюджеттен қосымша қаржы бөлінетінін айтты. Отандық автокомпанияларды қолдап, олардың шығарған көліктерін көпшілікке төмен пайызбен беру жобасына биыл 10 миллиард теңге бөлінеді. Ал жалпы соңғы төрт жылда автонесиелеудің мемлекеттік бағдарламасы арқылы 13 мың отандасымыз темір тұлпарды тізгіндеген.

«Отандық автоөндірушілерді қолдау мақсатында және халықты қолжетімді несиемен қамтамасыз ету үшін осы тәжірибені жалғастыруды ұсынып отырмыз. Биыл екінші деңгейлі банктерді жеңілдікпен қаржыландыру жолымен «Бәйтерек» холдингіне 10 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Оның 8 млрд теңгесі – жеңілдікпен автонесиелеуге, ал 2 млрд теңгесі – коммерциялық техниканы лизингтік қаржыландыруға беріледі», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

Отырыстан кейін министр Дәурен Абаев журналистерді түрлі іс-шараға аккредиттациялау туралы туындаған дауға қатысты пікірін білдірді. Ведомство басшысының сөзінше, тілші қандай сұрақ қойса да, аккредитациясын ешкім тартып алмайды.

«Модератормен келіспеген жағдайда, журналистен аккредитациясын алу мәселесі бойынша біз ережені өзгертеміз деп ойлаймыз. Екіншіден, келісімшартты алып келу мәселесі бойынша да ережені қайта қарастырамыз. Өйткені, бұл журналистердің міндеті болмауы керек. Ол баспасөз қызметі мен редакцияның міндеті. Сондықтан журналистрге бұл жерде қорықпауға болады деп ойлаймын», – деді ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен АБАЕВ.

Құжаттың біраз ережесінің қайта қаралатынынан бөлек, Ақпарат және коммуникациялар министрі бұқаралық ақпарат құралдарының ой-пікірін тыңдауға дайын екенін жеткізді. Дәурен Абаев редакция өкілдері жиналамыз десе, кездесіп, тілдесуге дайын екенін жасырмады.

Еске салайық, өткен аптада журналистерді шараға кіргізу туралы қаулыға енгізілетін өзгерістер түрлі пікірталастың туындауына негіз болған еді.  

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана



Новости партнеров