Жетісу облысында тонналаған пияз далада шашылып жатыр. Жол бойында жатқан көкөністі жергілікті жұрт сұрыптап алуда, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ал шаруа жаз бойы бел жазбай жиған өнімін қара күзден бері сата алмай қойыпты. Содан шіріп бара жатқан пиязды қоқысқа төгуден басқа амалы қалмаған.
Әлеуметтік желіге тараған бұл бейнежазбада Ескелді ауданында түсірілген. Егін алқабында шашылып жатқан көкөніс жергілікті шаруаға тиесілі. Ал пиязды жеріне төгуге рұқсат берген Қанағат Кәріповтың айтуынша, диқанның 150 тоннадай өнімі шіріп, еңбегі зая кеткен.
- Өнімді сатып алатын адам болмай қалды. Ол қойманы жалға алған. "Сол шығын ақшасын шығару керек, бәріне адам жалдау керек, ақша жетпей жатыр, көмектесші" деп сұрады, ұялғанымнан келістім. Шаруалардың жағдайы жақсы емес, өзіңіз ойлаңызшы, 9 млн теңге ақшасын далаға лақтырып жібергендей күйде отыр, - деді шаруа Қанағат Кәріпов.
Шаруа шығынға батқанымен, оның еңбегінің қызығын ауылдастары көруде. Бір аптадан бері үсімеген, шірімеген жарамдысын сұрыптап, қап-қабымен жинап әкетіп жатыр. "Жергілікті жұрт өнімді бұлай далаға тастағанша, халыққа таратып беруі керек еді" дейді.
- Орталыққа тұрып, қаппен таратса да болады ғой. Кеше арзан бағамен картоп таратып жатты. Әрине, шаруаларға обал. Халыққа таратып тастаса, жақсы болар еді, - деді Ескелді ауданының тұрғыны Гүлшат Кекенова.
Әкімдік өкілдері бұл жағдайдан хабардар. Бірақ шаруа "өнімді сата алмай отырмын" деп көмек сұрамағанын айтады. Олардың мәліметінше, қожалық иесі 3 гектар жерге пияз егіп, оның 5-6 тоннасын сата алмаған.
- Шаруалар бізден көмек сұрауы тиіс еді. Бізде ауданда апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылады. Өтпей қалғаны жуаны сол жерде сатады, - дейді Ескелді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуат Қожахметов.
Нарыққа өткізбей, халыққа жеткізбей отырған мол өнім осылай шіріп жатыр. Сала мамандарының есебінше, былтыр елімізде 1 млн тоннадан артық пияз жиналған. Ал халыққа жылына 315 мың тоннасы ғана қажет. Қалған өнім экспортқа шығарылуы керек болған. Алайда министрлік мамандары биыл экспорт көлемінің төмендегенін логистикалық қиындықтар мен сұраныстың аздығымен байланыстырды. Қазір республика бойынша қоймада әлі 100 мың тоннадан аса өнім жатыр.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысынан
Оқи отырыңыз: Бір терезе: Алматының Түрксіб ауданында әлеуметтік орталық ашылды