ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Атом электр станасын салу жобасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жуықта ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев қаңтар оқиғалары өз компаниясының Қазақстанмен атом электр стансасын салу жөніндегі әріптестігіне әсер етпейтінін мәлімдеді. Бұл жоба қазір қандай сатыда екенін, АЭС құрылысы бойынша соңғы келісімдер туралы айтыңызшы», - деп сұрады БАҚ өкілі Энергетика министрінен.
«Шын мәнінде бұл оқиғалардың арасында ешқандай байланыстың болуы да мүмкін емес. Екеуі екі түрлі мәселе негізі. Атом стансасын салу өте нәзік мәселе. Сондықтан «саламыз ба , әлде салмаймыз ба» деген сұрақ бойынша әзірге ешқандай шешім жоқ», - деп түсіндірді Болат Ақшолақов.
Оның сөзінше, Қазақстанның 2035 жылға дейінгі энергетикалық баланс болжамында қуат көзінің түрлі балама жолдарына басымдық беру қарастырылып «Күн тәртібіне «жасыл» саясат шыққанына байланысты көмір энергиясының генерациясын кеңейте алмаймыз. Өйткені экологиялық тұрғыда таза көз деп айтуға келмейді. Ал газ әлдеқайда таза отын болғанымен, ол да сарқылады. Оның үстіне газ саласын дамыту бойынша басқа да міндеттеріміз бар. Газ жанармай ғана емес, көптеген өндірістер үшін өте жақсы шикізат бола алады. Оның үстіне қарапайым тұрғындарға керек. Соның бәрін ескерсек, атом стансасы осындай көп жолдың бірі ғана», - деді ведомство басшысы. Сондай-ақ, ол АЭС салу жобасы халықтың пікірін ескере отырып қана қабылдануы мүмкін екенін баса айтты.
«Бұл да қарастырылуы мүмкін. Бірақ тағы да айтайын, бұл өте нәзік мәселе және тыңғылықты зерделеуді қажет етеді. Ол зерттеуге бірінші кезекте қоғамды тарту керек. Әзірге Қазақстанның қандай да бір учаскесінде станция салу жөнінде айқын шешім жоқ», - деді министр.