АЭС салынатын болса, жоба құрылысы аяқталғанша салада жұмыс істейтін бірқатар маманды дайындап шығуға болады. Осылай деп пікір білдірген профессор Қасым Елемесов жоғары оқу орындарында студенттерге ерекше жағдай жасалып отырғанын да айтты, деп хабарлайды Almaty.tv
Сондай-ақ АЭС-тің тиімділігін атап көрсетіп, уран өндірісіне қатысты ой қорытты. Маманның сөзінше, электр энергиясын көмір мен мұнайға қарағанда уран әлдеқайда көбірек береді. Химиялық элементтің бір ғана келісі шамамен 170 жылға жуық электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарлы.
– АЭС салынса, электр қуатының тапшылығы болмайтынына сенемін. Себебі, станса алғашқы уақытта электр энергиясының кем дегенде 20-30 пайызын береді, – деді Энергетика және машина жасау институтының директоры Қасым Елемесов.
Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орында тұр және ол дүние жүзіндегі қордың шамамен 14 пайызын қамтиды. Ал сарапшылар елімізде 900 мың тоннадан астам уран бар екенін айтып, АЭС салынса, оны ұзақ жылдар бойы отынмен қамтамасыз етуге болатынын жеткізді. Сондай-ақ сала мамандары әлемдік тәжірибеге сәйкес екі блокты АЭС салу 8 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз ететінін жеткізді.
– Бүкіл дүние жүзінде алпауыт, ең мықты мемлекеттер атомдық электр қуатын қолға алып жатыр. Қазақстан ең дамыған елдердің қатарына өтетін болсақ, технологиялық жарыстан қалмауымыз керек, – деді саяси зерттеулер орталығының директоры Айдар Әміребаев.
Оқи отырыңыз: Біріккен Араб Әмірліктерінде АЭС бар екенін білесіз бе