Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қарайтын бұл ұйымға қала тұрғындары өтініштерін бүкпесіз баяндай алады. Ал комитет өз кезегінде мемлекеттік органдармен бірлесіп түйткілдерді шешуге кіріседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сөйтіп, партия халықпен бірге азаматтардың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартпақ. Мұны «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.
«Нұр Отандықтар» алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Әуелі сайлау алдында халыққа үйіп-төгіп берілген уәделердің бірін қалдырмай орындау. Әрі, мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынатын үйлердің сапасын қатаң қадағалау. Өйткені, мердігерлер сөз жүзінде құрылысқа қымбат материалдар қолданатанынын айтқанымен, жеме-жемге келгенде сапасыз үй салынады. Ал оның зардабын тұрғындар тартады. Олқылықты болдырмау үшін, бұдан былай құрылыстың басы-қасында партия мүшелері болады. Тұрғындардан келіп түскен ұсыныстар мен партия шешімдерін талқылау үшін, қалалық филиалдың төрағасы Бақытжан Сағынтаев бұдан былай партия кеңсесінде аптасына бір рет жиын өткізіп, халықты жеке қабылдауға кіріседі.
«Мен апта сайын осы партияның кеңсесінде аппараттық жиын өткізіп тұру туралы шешім қабылдадым. Жиында халықтың өтініші бойынша атқарылған жұмыстар мен тапсырмалардың орындалуын қадағалаймыз. Қазір әр ауданға барып, тұрғындармен кездесу өткізіп жүрмін. Соңғы 3 аудан халқымен кездесуді аяқтағасын, қыркүйек айынан бастап тұрғындарға осы кеңседе жеке қабылдау жасаймын. Біз кездесуден қашпай, ашық болуымыз қажет», – деді Nur Otan партиясы АҚФ төрағасы Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Сессияда жастардың көкейтесті мәселелері де көтерілді. Елбасы тапсырмасымен биылғы жыл Қазақстанда «Жастар жылы» деп жарияланып, өрелі өрендерді қолдау мақсатында бірқатар тың жобалар бекітілген. Соның бірі – студенттердің жатақхана мәселесін шешу. Алматыда келесі жылдың соңына дейін 38 жатақхана салу жоспарланған еді. Бірақ соңғы екі жылда қалада тек 3 жатақхана тұрғызылыпты. Ал биыл жыл соңына дейін шаһарда тағы 3 студенттер үйінің құрылысын бітіру көзделуде. Қалған 32 жатақхананың қашан салынатыны әлі жұмбақ болып отыр. Тапсырма беріліп, негізгі тетіктері бекітілгенімен істің тұралап қалғанына түсінбеген жастар қала әкімінен бұл мәселені қадалағауды сұрады.
«Елбасы «Жастар жылының» ашылуында тапсырма берген болатын. Осы жылдың аяғына дейін Республикалық маңызы бар 3 қалада жұмысшы жастарға мың пәтерден үлестіру. Мысалға жылдың аяқталуына 4 айдай уақыт қалды, бірақ әлі күнге дейін ол бағдарламаның положениесі, ешқандай құжаттары әлі күнге дейін дайын емес. Бірақ уақыт тығыз. Оны қалай жүзеге асырады, ақпараттық жұмыс әлі жүргізілмеуде», – деді Jas Otan Алматы қалалық филиалының төрағасы Мәди АХМЕТОВ.
«Жұмыс істейтін жастарды пәтермен қамтамасыз ету тапсырмасы бар. Бірақ ол үйлерді үлестіру бойынша Үкімет ұсынған баға біздің қаланың нарығына сәйкес келмеді. Сондықтан, қаржыландыру мерзімін создық. Қазір механизмдерін әзірледік, енді жыл аяғына дейін республикалық бюджеттен жастарға сол 1050 пәтердің кілтін табыстаймыз. Қосымша қала әкімдігі атынан тағы 1000 пәтер үлестіріледі», – деді Nur Otan партиясы АҚФ төрағасы Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, бұдан былай сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу жұмыстары күшейеді. Бұл мақсатта әкім «Жастар кеңесін» құруды ұсынды. Кеңес мүшелері жастарды қолдауға арналған мемлекеттік және жергілікті бағдарламалардың орындалуын қатаң қадағалайды. Сондай-ақ олар Қоғамдық кеңеспен бірлесіп, жоғарғы оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды бақылайды. Ал шаһардағы партиялық жобалар бойынша жұмыстар жалғасын табады.
Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы