Шымкентте бірқатар лауазымды тұлғалар пара алды деген күдікке ілінді

Шымкентте бірқатар лауазымды тұлғалар пара алды деген күдікке ілінді
Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкент қаласының бірқатар лауазым иесіне сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып тағылды, деп хабарлайды Тengrinews.kz Антикоррупциялық қызметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Шымкент қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. 

"2018-2019 жылдар аралығында колледжде жүргізілген аудиторлық тексеру бойынша оң шешім шығарғаны үшін қалалық білім басқармасының "Музыкалық колледж" МКҚК директорынан 1 миллион 200 мың теңге сомасында пара алғаны үшін қалалық әкімдіктің Ішкі аудит қызметінің басшысы әшкереленді. Осыған ұқсас қылмысты жасады деп қалалық білім басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы күдікке ілініп отыр, ол орта мектептің оқу бөлімінің меңгерушісінен оны мектеп директоры лауазымына тағайындауға тест тапсыруына көмек көрсеткені үшін 400 мың теңге сомасында ақшалай қаражат алған", - делінген хабарламада.  

Аталған тұлғаларға қатысты процессуалдық ұстау кінәсін мойындаларына және келу туралы міндеттеме берулеріне байланысты қолданылған жоқ. Күдіктілерге қатысты түпкілікті шешімді олардың кінәсінің деңгейін анықтау арқылы сот қабылдайтын болады.


Новости партнеров