Алматыда әншілікті санитарлыққа ауыстырған жігіт жаңа жұмысының қыр-сырын бөлісті. Қауіпті індетті жұқтырған науқастарға күтім жасайтын ол жиі ән шырқап, көптің көңілін аулайды екен. Осылайша, рухани күш алып, тезірек жазылып кетулеріне септеседі. Ковидті ауруханада Димаш атанған жас әнші кім? Неліктен мамандығын ауыстыруға тура келді? Ол жаңа жұмысы жайлы не айтты? Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан тілдесіп қайтты.
Алматыдағы станционарлардың бірінде ерекше медициналық қызметкер жұмыс істейді. Ол палатадағы тазалықты қадағалап, науқастарға тамақ тасумен қатар, көңілдерін әуезді ән айтып көтеріп жүр. Бүгін бізге Бахытбек соңғы шығарған әндерінің бірін орындап береді.
Жаным сенің көңіліне қарап,
Мен музыкант бола тұрайын.
Палатада ән салайын,
Пол жусам да шаршамайын!
Жаным, сені баға тұрайын.
Бұл – 23 жастағы алматылық Бахытбек Әмірхан. Осыдан 2 жыл бұрын Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжді тәмамдаған. Қаладағы модульді инфекциялық ауруханаға жұмысқа тұрмастан бұрын наурыз айында екі айдай ерікті болыпты. Ауру ошақтарына, жалғызбасты қарттар мен Ұлы отан соғысы ардагерлеріне карантин кезінде ас тасыған. Кейін шақырту түсіп, қауіптілігіне қарамастан ковидті стационарда жұмыс істеуге шешім қабылдапты. Ал отбасын уайымдатпау үшін жаңа жұмысын біраз уақыт жасыруға тура келген. «Мен ол жерге санитар ретінде кірдім. Санитар дегеннің жұмысы ең соңғы адамсың ғой қарап тұрсаң. Бірақ жұмыстың ұяты жоқ. Жігіт адамға 70 өнер де аз дейді ғой. Менің нақты міндетім – палаталарды таза ұстау, пациенттердің постельдерін, көрпе-жастығының қабын барлығын ауыстырып, палатарын жуып, тоңазытқыштарын сүртіп, столдарын сүртімін. Бізде кварц, жетдеткіш бар. Кондерді қосу керек, қоспау керек. Кварцты жарты сағаттан күніне 4 рет қосып отыру керек», – деді модульді инфекциялық аурухананың қызметкері Бахытбек Әмірхан.
Сахналық костюмді қорғаныш киіміне ауыстырған жігітті жұмысының оңай емес екенін айтты. Бірақ соған қарамастан еңбегін адал атқарып, көптің дертіне әнімен дауа болғысы келеді.
«Кір аймақ деген бар. Таза аймақ деген бар бізде. Суткаға түсесіз. 24 сағат ұйықтамайсың. Терлеп, ана костюммен 4 сағат жүруге. 4 сағаттан астам жүруге болмайды. Бірде-бір тесік болмауы керек. Шел болмауы керек. Ауа кірмеуі керек. Мақта, скотч, бинт, 4-5 маска деген сияқты орап оны. Мынаның барлығын скотчтайсың, 3-4 қолғап киеміз. Аяғымызда етік», – деді модульді инфекциялық аурухананың қызметкері Бахытбек Әмірхан.
Ал пандемия кезінде дәрігерлер дамыл таппай еңбек етіп жатыр дейді. Сондықтан халықты барынша сақтық шараларын сақтауға шақырды.
«Біраз дүниені түсіндім, көрдім. Дәрігерлерге басымды иемін. Мың алғыс. Ақ халатты абзал жандар аман болсын! Ол кісілердің еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрбір адамның өмірі әуелі Алланың қолында ғой. Одан кейін сол кісілердің қолында. 5 секунд болса да кешігіп, 3 секунд болсын кешігіп қалса, адам өмірден өтіп кетеді», – деді модульді инфекциялық аурухананың қызметкері Бахытбек Әмірхан.
Жас әнші бос уақытында қаладағы «Бақытты отбасы» орталығында балаларды өнерге баулып жүр. Тек пандемия кезінде оларды тек телефон арқылы көреді. Ал қауіпті індеттің беті қайтса, болашақта өз мектебін ашқысы келеді. Сонда актерлік шеберлік, вокал сынды үйірмелердің болғанын қалайды. 3 айдан бері үйін көрмеген жігіт қауіпті індет туыстардың маңыздылығын, өмірдің мәнін түсіндірді деп отыр.
Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы