Жамбыл облысында спортшылар мінген жеңіл көлік апатқа ұшырады. 3 спортшы қаза тапқан жол апаты Жамбыл облысы Қордай ауылының аумағында болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
3 тамызда таңғы сағат 6:40 шамасында «МАЗДА-323» маркалы автокөлігінің 21 жастағы жүргізушісі Алматы қаласынан Тараз қаласына бағыт алып келе жатып, рульді басқара алмай қалған. Салдарынан көлік жолдың оң жақ жиегіне аударылған. Оқиға орнында 23 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан чемпионы Жақсыбек Қарабалаев, халықаралық турнирдің жеңімпазы Ілияс Жұмай мен Жанбота Байбазар опат болды. Көлікте болған тағы екі спортшы қазіргі таңда аудандық ауруханада ауыр хәлде жатыр.
«Қордай ауданының орталық ауруханасына әртүрлі дене жарақаттарымен үш ер адам жатқызылды, келесі күні ауруханада 24 жастағы еркін күрестен спорт шебері қайтыс болды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сондай-ақ, сот-медициналық және көлік құралының техникалық жағдайын зерттеу сараптамасы тағайындалды», – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұқтарқұлова.