Алматы қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы, полковник Тұрысбек Сартаев қала әкімінің қаулысына сай шомылуға болатын орындар бекітілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.
Тұрысбек Сартаев Алматы аумағы арқылы 28 шағын өзен ағатыны, ал қала маңында 26 су қоймасы бар екенін айта келіп, оның төртеуіне шомылуға рұқсат берілгенін жеткізді.
«Суға шомылу жөнінде айтпас бұрын, елімізде инфекция жұқтыру жағдайы артып отырғанын, қауіп әлі де бар екенін айтқымыз келеді. Сондықтан адам көп шоғырланатын жерге бармаған жөн. Алматы әкімінің қаулысына сай, карантин алынған соң қалада шомылуға болатын орындар бекітілді. Біріншісі - Сайран өзенінің батыс бөлігі Төле би көшесінен оңтүстік бағытқа қарай пирсқа дейін 300 метр, екіншісі - Сайран өзенінің шығыс бөлігі Төле би көшесінен оңтүстік бағытқа қарай, үшіншісі – «Гүлдер демалыс орны, ал төртіншісі - Баум тоғайы», - деді Т. Сартаев.
Ал қаладағы Үлкен және кіші Алматы өзендерінде шомылуға тыйым салынған және қауіпті деп танылған.
«Осыған байланысты Төтенше жағдай департаменті құтқарушылары мен полицейлер бірігіп, өзендер жағасында рейд жүргізеді. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық гвардиясы сарбаздары күнделікті шолып отырады. Мамыр айында департамент құтқарушылары мен арнайы құтқару отряды 60-қа жуық патрульдік жұмыстар жүргізді», - деді Сартаев.
Айта кетерлігі, өткен жылы Алматыдағы шомылу орындарында 8 адам суға кеткен. Құтқарушылар сондай-ақ, 65 адамның өмірін сақтап қалған, оның 36-сы - бала.