Қапшағай қаласында малшы жарты жыл бойы өзіне сеніп тапсырылған сарайдан қой ұрлап келген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қапшағайда 43 жастағы тұрғын 25 қойының ұрланғаны туралы айтып, қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне жүгінген. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Қабылданған шаралар нәтижесінде, полиция қызметкерлері Кербұлақ ауданының 49 жастағы тұрғынын ұстады. Ол өзінің ұрлық жасағанын толық мойындады.
«Күдікті малшы болып жұмыс істеп жүріп, былтыр қараша айынан бастап қожайынының қойларын ұрлай бастағаны белгілі болды. Бүгінгі күні ұрланған қой саны 25-ке жеткен. Ол ұрлаған малының бір бөлігін сатып, ал бір бөлігін көрші шопандар арқылы басқа малға айырбастаған. Тәртіп сақшылары жәбірленушінің алты бас малын тауып, қайтарды. Ал қалған мал басын өтеп беруді күдіктіге міндеттеді. Ұсталған ер адам мекенжайын өзгертпеу туралы қолхатпен босатылды», - делінген хабарламада.