Атыраудағы шетелдік компанияның басшысы Кауаш Хишам «Теңіз» кен орнындағы жағдай үшін Қазақстан халқынан кешірім сұрады. Бейнеүндеу жолдаған Хишам жергілікті халықтың намысына тиген өз қарамағындағы жұмысшының әрекетін теріске шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Мен ССЕР басшылығы мен қызметкерлерінің атынан Эли Даудтың іс-әрекеті үшін кешірім сұраймын. Және болған жағдайдың мүлдем компания саясаты мен қағидаларына жатпайтынын атап өткім келеді», – деп хабарлады ол. Бас директордың айтуынша, даулы оқиғадан кейін Эли Дауд жұмыстан қуылған.
«Мен сіздердің алдарыңызда, оң қолымды жүрек тұсыма қоя отырып, компанияның қазақ бауырларына құрметпен қарайтынын айтқым келеді. Болған жағдай үшін баршаңыздан тағы бір мәрте кешірім сұраймын», – деді ССЕР компаниясының бас директоры Кауаш ХИШАМ.
29 маусым күні «Теңіз» вахталық аулында шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасында жаппай төбелес болған еді. 40-тан астам адам жарақат алған қақтығыстың шығуына Ливан азаматы Эли Даудтың WhatsApp желісіне қазақ қызымен түскен бейәдеп суреті себеп болған.