Ақтауда қала халқы көліктерін қалаған уақытында жуа алмайды. Өйткені қала әкімдігі көлік жуу орталықтарының жұмысына шектеу қойыпты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл шара арқылы шаһар билігі ауыз судың азабын тартқан тұрғындардың мәселесін шешуді көздеген. Амалдаған жұрт резервуарға су жинап, жұмысты жалғастыруға көшіпті. Бұдан бөлек, көгалдарды да суаруға шектеу бар.
Еске салайық, Ақтауда ауыз судың әлегі жылда қайталанатын жағдайға айналған. Қазірдің өзі аталған мәселе күннен күнге күрделеніп бара жатыр. Су беріп тұрған «МАЭК» кәсіпорны да теңіз суының температурасы күрт ысып кеткендіктен, тіршілік нәрін тұтынушыларға жеткізіп беруге үлгермей жатқан көрінеді.
«Орталық сумен жабдықтау тораптарындағы ауыз су деңгейін тұрақтандыру қажет. Сондықтан көлік жуу орталығы бар азаматтардан жағдайға түсіністікпен қарап, жұмыс уақытын шектеуді сұраймыз. Сондай-ақ қалада жасыл-желекті суаруды азайту қажет. Бұл шаралар уақытша. Осылай жасауға мәжбүрміз», – деді «МАЭК» ЖШС пайдалану департаменті директорының орынбасары Владимир Васильев.
Оқи отырыңыз: Жаңа асфальт үгітіліп жатыр — Үкімет басшысы жол сапасы туралы