Петропавлдағы көпқабатты үй газдан неге ажыратылды

10.11.2023 19:30

Тұрғындар жөндеу жұмыстары ұзаққа созылғанына наразы

Almaty TV

Петропавлдағы көпқабатты үйдің тұрғындары 1 аптадан бері газсыз отыр. Газ құбырынан кеткен ақаудан 300 астам пәтер көгілдір отыннан ажыратылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Көпқабатты үйдің пәтер иелері жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылғанына наразы. 722 тұрғын ас әзірлеп ішу өзі қиынға соққанын айтып шағымданды.

Бұл - Назарбаев көшесі бойында орналасқан үйлердің алдында болған жағдай.  Газель көлігін тізгіндеген азамат рөлге ие бола алмай, ғимарат сыртындағы газ құбырын 1-5 подъезге дейін жұлып әкеткен.

– Жағдай таңғы сағат 8.00-9.00 шамасында болды. Екінші қабатта газ саласында жұмыс істейтін азамат тұрады. Апат болғанда жылдам барып, газ бұрандасын жауып тастады. Ешкім зардап шеккен жоқ. Бір автокөлік зақымданды, - дейді қала тұрғыны Манбай Тоғаев.

60 жастағы Гаухар Оразалина 3 немересімен бірге тұрады. Ол ас дайындау үшін ескі электр пешін қолдануға мәжбүр. Ай соңында электр энергиясы үшін төлем шарықтап кете ме деп қорқады.

– Газ болмағандықтан асты электр пешіне дайындап отырмыз. Енді ай сайынғы төлем артатын болды. Ертең қанша болатыны белгісіз, - дейді қала тұрғыны Гаухар Оразалина.

Төтенше жағдай кесірінен 150 метр газ құбыры зақымданды. 3 тұрғын үй көгілдір отынсыз қалды.

– Апаттық желіге газ беру дереу тоқтатылды, кіреберіс, аула тазартылды. Өйткені газ құбыры бекіткіштерден үзілді. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін, іске қосып көреміз. Себебі қосымша ақаулар шығуы мүмкін. Сондықтан залал сомасы барлық жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана анықталады, - дейді газбен жабдықтау компаниясының директоры Олег Иванов.

Залалдың алдын ала сомасы жарты миллион теңгеден асады. Барлық жөндеу жұмыстары ретке келтірілгеннен кейін газ компаниясы шығын көлемін сот арқылы өндірмек. Ал мекеме мамандары газбен жабдықтау мәселесін жақын арада шешеміз деп уәде етті.

Нұргүл Алина, Қазбек Арықпаев, "Алматы" телеарнасы, СҚО-дан.

Оқи отырыңыз: Көліктер көгілдір отынсыз қалуы мүмкін