Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Төменарық елдімекені табиғи газға қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұнда 470-ке тарта шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ауылға газ тарту былтыр басталған еді. Бұл мақсатта республикалық және облыстық бюджеттен 2,3 миллиард теңге бөлінген. Сәйкесінше, мердігер мекеме 69,3 шақырым аумаққа құбыр жүргізіп, газ тарату пункттерін орналастырды. Осылайша, ауылдағы 735 тұрғын үй мен бірнеше әлеуметтік нысан көгілдір отынның игілігін көрген. Жалпы, биыл Қызылорда облысында 11 елдімекенді газға қосып, азаматтарды тұтыну көрсеткішін 78 пайызға жеткізу жоспарланыпты.
«Бұрын ауылымызда табиғи газ жоқ еді. Көгілдір отын келіп, қуанып жатырмыз. Кезінде от жағып, күл шығаратынбыз. Қазір келіндердің жұмысы жеңілдеді», – деді Төменарық ауылының тұрғыны Мәрия Қыстаубаева.
«2023 жылдың қорытындысымен 35 елдімекен газ құбырына қосылды. Халық санымен санағанда бұл 75 пайызды құрайды. 2024 жылға республикалық және облыстық бюджеттен 30 миллиардқа жуық қаржы бөлініп биыл 11 елдімекенді газға қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда 5-еуі газға қосылды. 6 елдімекенді жыл соңына дейін қосамыз», – деді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин.
Оқи отырыңыз: Алматыда Қалдаяқов көшесінің бір бөлігі уақытша жөндеуге жабылады