Олжас Бектенов Жетісу облысындағы қант қызылшасы алқабын ұлғайтуды тапсырды

Almaty.tv
Almaty.tv
Үкімет басшысы кәсіпорындарды аралады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетісу облысында отыз мыңға жуық адам кәсіпорындарда жұмыс істейді. Бүгінде өңірде 554 кәсіпорын бар. Аймаққа  іс-сапармен барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов солардың бірқатарын аралап, кәсіпкерлерді тыңдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің 33,6 пайызы аккумулятор зауытының үлесінде. Жылына 3 млн 600 мың дана өнім шығаруға қауқарлы. Оның басым бөлігі экспортталып жатыр. Премьер-министр кәсіпорын басшылығымен кездесуде отандық өнімді Қазақстанда  және әлемдік нарықта өткізудегі бірқатар кедергіні жою жұмыстары қолға алынғанын жеткізді. Ал зауыт директоры Олжас Бектеновке қорғасынның қоршаған ортаға зиянды әсерін төмендететін жобалар жайында айтты. Кәсіпорында бұған дейін пайдаланылған аккумуляторларды қауіпсіз утилизациялау және батареяларды қайта өңдеу технологиясын таныстырды.

– Биыл зауыттың барлық қызметкері өндірістік процестерді жақсарту бойынша оқыды. Кәсіпорында 1200-ден артық адам жұмыс істейді. Зауытты жаңартып жатырмыз, мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр, – деді аккумулятор зауытының қаржы директоры Бақытгүл Күдеринова.

Жетісу – аграрлы аймақ. Сондықтан егін және мал шаруашылығын дамытып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді жолға қою міндеті тұр. Осы мақсатта ашылған нысанның бірі – Талдықорғандағы сүт зауыты. Мұнда тәулігіне 90 тоннаға дейін шикізат өңделіп, 60-тан аса өнім түрі шығарылады. Алдағы уақытта кәсіпорынның өндірістік қуатын жылына 25 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.  

– Өнімдеріміз Жетісу және Алматы облысының аумағына жеткізіледі. Талдықорғанда, Текеліде, Қарабұлақта, Үштөбеде 20 фирмалық дүкен бар, барлық өнім сол дүкендерде ұсынылады, – деді Сүт өнімдері зауытының өндіріс басшысы Әмина Арынбекова.  

Өңір әкімі Премьер-министрге аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың алдағы екі жылдық жоспарын ұсынды. 2024-2026 жылдары 30-дан аса инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған, оннан астамы биыл іске қосылмақ. Кездесуде Олжас Бектенов сала министрі мен  облыс әкіміне қант қызылшасының алқабын ұлғайтуды тапсырды. Шаруаларды сапалы тұқым мен  минералды тыңайтқыштармен қамтып, суару жүйелерін ретке  келтіруді жүктеді.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Синдикатталған несие: елімізде 180 жоба іске қосылмақ

Новости партнеров