Қазақстанда лотерея сататын ресми терминалдардың қызметі уақытша тоқтады. Бірақ жалған аппараттар заңсыз жұмысын жалғастыруы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министрліктің хабарлауынша, электронды лотерея терминалдардың қызметі Қазақстан бойынша уақытша тоқтатылған. Ал дүйім ел лотерея мүлдем тоқтағанын қалайды. Себебі аппараттар тұрған нысанның төңірегі күндіз-түні айқай-шуға айналатын көрінеді. Құмар ойын іздеп келгендердің арасында оқушылар жиі кездеседі.
– Бар ақшасын осында салып, суицид жасап жатқандар бар. Бұл жерге үлкен кісілер де келеді. Жабылғанына өте қатты қуанып жүрміз. Бәрі жабылсын! – деді қала тұрғыны Қаламқас Молдашева.
Ал министрліктегілердің айтуынша, 30 қаңтардан бастап уақытша тоқтаған лотерея терминалдары қайта ашылуы мүмкін. Олар қадағалаусыз істеп тұрған аппараттарды анықтау мақсатында шектеу салған.
– Осы Lotomatic-тердің жұмысын уақытша тоқтатып, заңсыз істеп жатқан лотерея терминалдарының қызметіне тыйым салу – мақсатымыз. Екіншіден, азаматтардың өтініші мен арызына сай Lotomatic-ке қатысты қоғамда қалыптасқан, келеңсіз пікірді бәсеңдету, – деді ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Әділет Тұрғанбаев.
Құзырлы органдағылар істеп тұрған көк-сары түсті аппараттарды көргендерден чат-ботқа хабар беруді сұрайды.
Статистикаға көз жүгіртсек, былтыр 27 астыртын және 10 онлайн казино, 16 компьютерлік зал мен 9 букмекерлік кеңсе, 6 бизнес-сайты, 4 мыңнан астам сілтеме бұғатталған.
Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстанда маска тағу режимі қайта оралды