«Балқаш Жылу» ЖШС директорының бұрынғы орынбасары және кәсіпорынның бас бухгалтері бюджеттен 708 миллион теңге жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған азаматтарға қатысты қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігі тергеп-тексерген. Нәтижесінде қызметкерлердің Балқаш ЖЭО мен қаланың жылу желілерін жөндеуге, жұмысын жүргізуге бөлінген бюджет қаржысын жалған кәсіпорындардың шотына аударып отырғаны анықталған. Олар бұл іспен 2020 жылдың маусымынан 2023 жылдың қаңтар айына дейін айналысқан.
«Ұрланған қаражаттың жалпы сомасы 708 млн теңге. Бұл соманы жылжымайтын мүлікке мәмілелер жасау арқылы заңдастырған. Кінәлі адамдарды сот 5,5 жыл және 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.