Сүт өндірісі: шаруаларға төмен пайызбен несие берілмек

Almaty.tv
Almaty.tv
Мемлекет басшысы кәсіпорындардың әлеуетін қаперден шығармауды тапсырған еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде сүт өндірісі төмендеген. Қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселені назарға алып, кәсіпорындардың әлеуетін қаперден шығармауды тапсырған еді. Іле-шала шаруаларға 5 млрд теңгеге дейінгі несиенің төмен пайызбен берілетіні мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сүт өнімін алыс-жақын елдерге тасымалдауды былай қойғанда, ішкі нарықты қамту үшін шикізат жетпейді. База дамымаған, импортқа тәуелдіміз. Өнімінің 20 пайызы шеттен келетін салада әзірге СҚО көш бастап тұр. Ал орталық пен шығыста ірі бірнеше ферма бар, батыста жоқтың қасы. Өндіріс ошақтары мал басын шетелден әкеліп, іс бастап отыр. Бірақ олардың қарқындап дамып кетуіне қаржы керек.

– Қаржы бөлінсе, қора салып, малдың басын көбейтсек деген жоспар бар. Сүтпен, тауармен қамтамасыз ете алсақ жақсы болар еді, – деді сүт фермасының меңгерушісі Мәдениет Қабышев.

Мұндағы асыл тұқымды 400-ден аса сауын сиыр Даниядан әкелініпті. Қазір малдың қысқы қорегін дайындап жатқан шаруалар субсидияға иек артып отырғандарын айтады. Өйткені, сүттің сапасы әуелі ірі қараның жем-шөбі, күтіміне байланысты. Цифрландырылған жүйе де шаруашылықта зор мәнге ие болғалы қашан. Мәселен, санаулы минутта тонналап сүт алу үшін бір батырманы бассаңыз, болды. Шаруашылық толық автоматтандырылыпты. Алматы облысы Іле ауданындағы сүт фермасы жаңа технологиямен жұмыс істеп отыр.

– Сиырлардың аяғына чип салынған. Ал іште компьютер арқылы бәрін қарап, қадағалап отырамыз. Малдың қозғалысы, қанша литр сүт береді, соны да көрсетеді, – деді мал дәрігері Қуандық Рахымбек

Президент сүт өнімдерімен елді қамтуда кедергі болмауы керек екенін тапсырған. Ауыл шаруашылығы министрлігі 5 млрд теңгеге дейінгі несиені 10 жылға, 2,5 пайызбен берудің қағидасын бекітті. Аталған жоба сүт-тауар фермалары мен ет бағытындағы құс фабрикаларына, көкөніс қоймалары мен суармалы егіншілікке бағытталмақ.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде жиһаз бағасы неге қымбат

Новости партнеров