Алматыда «өз ұлын таспен ұрып, жол бойына өлімші етіп тастап кетті» деп айыпталған әкенің ісіне қатысты сотта жаңа деректер айтылды. Куәгер Наргиза Пашаева қайғылы оқиға орын алған күні жеңіл көлік пен жанында жатқан баланы көргенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Үйден шықтым. Аялдамада 5-6 минут автобус күтіп тұрдым. №37 автобусқа отырған соң 200 метр қашықтықтан соң жолдың сол жағынан үлкен қара машинаны көрдім. Қасында екі адам болды. Жерде кішкентай бала жатты. Жол полициясы да болды. Бірақ, олар алыста тұрды. Үйге келген соң бәрін үйдегілерге айтып бердім. Сол күні жұмыстан кешіктім», – дейді ол.
Куәгердің айтуынша тәртіп сақшылары автобусты тоқтатып, мән-жайды сұрастырыпты. Бойжеткен ол кезде айтуға қорқып, тек кешкісін үйге қайтқанда көргенін ата-анасына айтқан. Баланың туыстарына хабарлаған да куәгердің ата-анасы екен.
Сот медициналық сарапшысы Ирина Цой процесс барысында жүргізген сараптамасының қорытындысын оқып берді. Мұрат Асқароғлының дәлел ретінде тәркіленген заттарынан ұлының ДНК-сы анықталмаған.
«Жапа шеккен бала мен сотталушының қан тобының үлгісін молекулярлы сараптамадан өткіздік. ДНҚ нәтижесі көрсеткендей, тас пен велосипедтегі қан баланыкі болып шықты. Ал бұл заттарда сотталушының қан үлгісі жоқ», - деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр жазда Шығыс айналма тас жолының бойындағы тал түбінде ес-түссіз жатқан 4 жасар бүлдіршін табылған болатын. Бастапқыда полицейлер баланы көлік қақты деген болжаммен, қашып кеткен жүргізушіні ұзақ іздеген еді. Артынша, баланың туған әкесі «мазамды алған соң ұрдым» деп кінәсін мойындаған. Осыдан соң, Мұрат Асқароғлының қолына кісен салынып, абақтыға қамалды. Сот басталғанда сотталушы бастапқы сөзінен тайып, мұндай іске бармадым деп азар да безер болған.