Теміржолдағы тариф қымбаттауы мүмкін

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» АҚ төрағасы Нұрлан Сауранбаев айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Қазақстан темір жолының" қызметтеріне бекітілген тарифтердің құны қымбаттауы мүмкін. Оның бағасы біртіндеп көтеріледі. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» АҚ төрағасы Нұрлан Сауранбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстан теміржолының кірісі соңғы екі жылда 1,3 триллионнан 2 триллион теңгеге дейін өскен. Компанияның қаржылық жағдайы тұрақты болғанымен, несиеге батып отыр екен. Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, тарифте кредитті қайтару мөлшерлемесі қарастырылмаған. Сондай-ақ ҚТЖ-ның мойнына жаңа жолдар салу, вагон сатып алу сынды міндет жүктелген. Олар жеңілдетілген бағамен алынғанымен, компанияның атына рәсімделген несие ретінде көрініп тұрады. Басқарма төрағасы Қазақстан темір жолының қызметтеріне бекітілген тарифтердің құны қымбаттайтынын айтты. Себебі елдегі баға ТМД елдерімен салыстырғанда әлдеқайда арзан екен.

– Теміржол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды уақытылы іске асыру үшін ел экономикасының мүддесін ескере отырып, тарифтік саясат әрі қарай жетілдірілетін болады. Ең алдымен шикізаттық тауарларды экспорттауға арналған тарифтік саясатты көңіл бөлуді жөн деп санаймыз. Ол өз кезегінде кәсіпорындарды шикізатты ел аумағында терең өңдеуге ынталандырады, – деді «Қазақстан темір жолы» АҚ төрағасы Нұрлан Сауранбаев.

Нұрлан Сауранбаев 2030 жылға дейін 800-ден астам вагон сатып алынатынын айтты. Ал көлік министрі Марат Қарабаев елде 300 жолаушылар вагоны жетіспейтінін айтып, дабыл қағып отыр. Биыл 162 бірлік жаңа вагон сатып алынып, оның 76-сы пайдалануға берілген.

– Қазір елде жолаушылар вагондарының жалпы саны 2 мың 567 бірлікке жеткен. Дегенмен әлі де 300 вагон қажет. Келер жылдың бірінші жартыжылдығында 62 вагон жеткізіледі. Оның басым бөлігін Петропавл қаласындағы вагон шығару зауыты өндіреді, – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанда пойыздардың кешігуі қалыпты жағдайға жеткенін айтып, «Қазақстан темір жолы» компаниясының қызметін сынға алды. Үкімет басшысы жауаптыларға осы бағыт бойынша жұмыс істеуді тапсырды.

– Тұрғындар тарапынан «Қазақстан темір жолының» қызметіне қатысты көптеген шағымдар келіп түсуде. Пойыздардың үнемі кешігіп келуі, сервистің нашарлығы, ескірген вагондар қалыпты жағдайға айналып барады. Осының бәрі экономиканың дамуына кері әсер етеді. Көлік, қаржы, ауыл шаруашылығы министрлері, шекара қызметі, «Самұрық Қазына» қоры, «Қазақстан темір жолы» жыл соңына дейін жүктерді рәсімдеуді оңайлату мәселесін пысықтау қажет, – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

Елдегі бірнеше бағыт бойынша пойыз билеті жоқ. «Қазақстан темір жолы» компаниясы мәселенің бар екенін мойындап отыр. Осыған байланысты Астана мен Алматы арасына қосымша пойыздар жолға шығарылмақ.

Айта кетейін, елде теміжол билеттерінің орташа бағасы – 8 мың теңге.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Білім саласында соңғы бір жылда не өзгерді

Новости партнеров