Алматыдағы Әуезов ауданының мониторингтік топтары жыл басынан бері 6 мыңнан астам мекемеде тексеріс жүргізіп, 1 183 адамға хаттама толтырған. Мамандар қанша жерден бақылауды күшейтіп, ескерту берсе де, тәртіп бұзатындардың саны азаймай тұрғанын айтады. Соған байланысты Almaty.tv түсірілім тобы тексеруші топ өкілдерімен әдеттегідей рейдке шығып, карантин тәртібін өрескел бұзған кәсіпкерлік нысандарын анықтады.
Өткен түні Әуезов ауданының мониторингтік тобы Науаи көшесінің бойында орналасқан караоке орталығының жұмысын әшкереледі. Мекеме шектеулі уақытқа қарамастан, келушілерді жасырын қабылдаған. Мұнда тыйым салынған қорқор да шегіліпті. Меймандардың айтуынша, нысан таңғы 5.00-ге дейін жұмыс істейді екен.
«Әуезов ауданы кәсіпкерлерінен өтінеріміз, карантин режимі аяқталған жоқ. Індет әлі созылып жатыр. Сол себепті, карантин тәртібін сақтап, жұмыс істеулеріңізді сұраймыз», – деді Әуезов ауданы мониторингтік тобының мүшесі Жайық Шәлтен.
Көп ұзамай карантин талаптарын өрескел бұзған компьютерлік клуб анықталды. Іштегі арақашықтың сақталмағаны былай тұрсын, келушілердің 80 пайызы маскасыз болған. Кейін тәртіп сақшылары олардың Ashyq-пен кірген-кірмегенін тексеріп, бәрін үйіне қайтарды. Ал түн ортасына дейін жасырын жұмыс істеген мекеме әкімшісіне хаттама толтырылып, жауапты органға жолданды.
«Қазір ауданда 6 мониторингтік топ күні-түні жұмыс істеп жатыр. Күндіз шығатындар вакцина, маска режимін қадағаласа, түнде кәсіпкерлік нысандардың санитарлық талаптарға сай болуы тексеріледі. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді Әуезов аудандық Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Айдын Айбынов.
Айта кетейік, Әуезов ауданының мониторингтік топтары соңғы аптада 100-ден астам кәсіпкерлік нысанына тексеріс жүргізіп, 7 заңды тұлғаға хаттама толтырған.
Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы