«Блогерлерде еркіндік бар, жауапкершілік жоқ». Заңгер Айсана Сман блогер қауымы туралы осындай пікірде. Оның сөзінше, әлеуметтік желі арқылы миллиондаған табыс тауып, бірақ қолданушылар алдындағы жауапкершілікті пысқырмайтын блогерлер көбейіп кеткен. Бұл мәселеге жақында нүкте қойылмақшы. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі арнайы Заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Пандемия басталғалы бері 1 800-ден астам фейк ақпарат әшкереленген. Мұндай мәселенің туындауына бірнеше себеп бар. Біріншіден, қазір кез келген адамның желілерде жан-жақты расталмаған ақпаратты жариялай салу мүмкіндігі бар. Екіншіден, өзін блогер деп атап, көргенін, естігенін ешқандай айғақсыз тарататын адамдар саны да артып келеді.
Мысалы, мына видеода блогер, әншілер онлайн ойынды еркін жарнамалауда. Мамандардың сөзінше, мұндай дүниелердің жариялануына жол бермеу керек. Себебі ол қандай ойын екенін ешкім білмейді. Блогер Динара Болат «Бұрынғының арманы болашақта дәрігер, мұғалім болу еді, қазіргі жастардың мақсаты – блогер болу» дейді. Оның сөзінше, қазір екінің бірі ұтыс жариялайды. Машина, үй, ақша таратады. Ал бұл нәрсеге дәніккен халық, еңбекпен емес, оңай пайда табуды ғана көздейді.
«Блогер ол кім? Блогер әу бастан ақпарат таратушы, құнды ақпарат беруші ретінде белсенді әлеуметтік желідегі адам ретінде белгіленген. Дегенмен, қазір бізде вайн түсіреді, болмашы нәрсені айтады, ыржалақтайды», – дейді блогер Динара Болат.
Заңгер Айсана Сман заңнамада жауапкершілік көрсетілмеген, сондықтан нақты заң әзірлеу керек деп санайды. Мысалы, блогер жарнама жасаса да, ақпарат салса да, тіркеуде тұруы керек деп есептейді. Сонда ғана нақты нәтиже болады. Ал қазір еркіндік болғандықтан, олар жалған ақпарат берсе немесе жалған жарнама жасаса, тек кешіріммен немесе айыппұлмен құтылып кетеді.
«Қазіргі жағдайда қоғамдық пікір блогердің арқасында да қалыптасып жатыр. Мысалы, блогер біріншіден – жарнамамен жұмыс істейді, екіншіден – өзін жариялайды, ісін жариялайды. Қоғамға, қоғамның сана-сезіміне әсер етеді. Сол үшін мұндай жағдайларда телевидение, газет, журнал, барлығы тіркеуде тұр. Олар мысалы, ақпаратпен жұмыс істеуі үшін міндетті түрде тіркеуге тұрады. Ал неге біз блогерлерді тіркеуге алмаймыз?», – деді заңгер Айсана Сман.
«Қазір ақпараттық соғыстың заманы. Біздің уатсабымызға минут сайын ақпарат келіп жатыр. Кейде біз оның рас-өтірігін тексермей бөлісіп, біреуге таратамыз. Миллиондаған оқырманы бар, аккаунт иелері бар адамдар жауапкершілікті сезініп отыр деп айта алмаймын. Кейде ақшаға бола, кейде хайп үшін, оқырмандар жинау үшін, қоғамда қандай тақырып резонансты түрде қозғалып жатса, соны бөлісе салады», – деді журналист Мақсат Толықбай.
Айта кетейік, әлемде биыл 2020 жылмен салыстырғанда әлеуметтік желіні пайдаланатындар саны 13 пайызға немесе 2,4 млрд адамға ұлғайған. Демек, фейк-жаңалықтардың қаупі де жоғары. Бұл қоғам үшін де, құрметті мамандық иелері үшін де үлкен сын-қатер.
Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан