Атырауда 2019 жылы жаңа туған нәрестені өзара сөз байласу арқылы өлтірді деп айыпталған облыстық перзентхана дәрігерлеріне қатысты апелляциялық соттың үкімі шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Гиппократ антын» бұзған айыпталушылар үшін қатаң үкім өзгеріссіз қалды. Перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев – 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан – 16 жылға, акушер Жәмила Құлбатырова 15 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Сонымен қатар дәрігерлер Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаева қылмыс туралы біле тұра хабарламағаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айрылды.
«ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 431-бабының 1-бөлігінің 1-тармағын, 443-444-баптарын басшылыққа алып, қаулы етті. Нысанбаев Қуанышқа, Қайыржан Асқарға, Құлбатырова Жамилаға, Нұрмұқанбетов Русланға, Жұмабаева Дариғаға қатысты үкім өзгеріссіз қалды. Апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын. Қаулының толық мәтіні 2021 жылдың 4 қазанда сағат 17:00-де жарияланады. Қаулының толық мәтіні жарияланған күннен бастап заңды күшіне енеді», – деді судья Тәтті Уәлиева.