Елімізде «Елім-ай» ұлттық экологиялық туризм қауымдастығы құрылды. Ұйым мақсаты – табиғи туризмді дамыту және ұлттық парктер инфрақұрылымын жетілдіру, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлттық саябаққа саяхаттап баратын туристер жыл санап ұлғайып келеді. Олардың саны соңғы 9 айда 1 миллион адамға жуықтаған. Бұл туралы Алматыда өткен республикалық конференцияда Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев мәлімдеді.
«Бүгінгі конференция нәтижелі болды деп есептеймін. Себебі, біз туризм саласында жыл бой атқарылған жұмысты қорытындыладық, алдағы міндеттерді айқындадық, экотуризмді дамытуда қай бағытта келе жатырмыз, сын-қатерлерге қалай төтеп береміз деген секілді сұрақтарға жауап іздедік. Бұл тұрғыда «Елім-ай» экотуризм қауымдастығымен бірге жұмыс істеу жоспарда бар», – деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Табиғи туризм – бүгінгінің динамикалық трендтерінің бірі. Әлемдік нарықта экотуризмге сұраныс артып келеді. Көрсеткіш пандемия кезеңінде де төмендемеген. Карантин уақытында оның жылдық үлесі 30%-ға дейін жоғарылады дейді сала мамандары.
«Экологиялық туризмді дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Қазіргі уақытта комиттің тарапынан ұлттық парктердің инфрақұрылымын дамытуға жұмыс істеп жатырмыз. Экологиялық туризмнің мақсаты – табиғатқа зиянын тигізбеу», – деді ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев.