Қазақстанда «жасыл» энергетика қызметкерлері ЖЭК (жаңартылатын энергия көздері) күнін атап өтуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандық күн энергетикасы қауымдастығы әр жылдың 4 шілдесінде ЖЭК күнін атап өтуді ұсынып, Премьер-министрге хат жазып отыр. Неліктен осы күн десеңіздер, осыдан он жыл бұрын, 2009 жылдың 4 шілдесінде «ЖЭК пайдалануды қолдау туралы» ҚР заңы қабылданған болатын. Одан бері Қазақстанда ЖЭК саласында еңбек ететін мамандардың саны мыңнан асып кетті. Олардың бәрі де еліміздегі жаңартылатын қуат көздерінің басталуы мен дамуына бір кісідей атсалысып жүр», - деді «Қазақстандық күн энергетикасы қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы-директорлар кеңесінің мүшесі Калия Хисамидинова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Қауымдастық мүшесінің айтуынша, аталған бастаманы бүгінгі күні саладағы қоғамдық бірлестіктер бірауыздан қолдаған.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі біздің бастамамызға қолдау білдірер деген сенімдеміз. Кәсіби мереке аталған саланың мамандарын біршама жігерлендірер еді», - дейді ол.
Жаңартылатын энергия көздерін соңғы жылдары Қазақстан энергетикалық кешенді дамыту векторларының бірі ретінде қарастыруда.
Елімізде ЖЭК секторын дамытудың нақты нысаналы индикаторлары қабылданып қойған. Осылайша электр энергиясын өндіру жалпы көлеміндегі ЖЭК үлесі 2020 жылға қарай - 3%, 2025 жылға қарай - 6%, 2030 жылға қарай - 10% болатыны көзделсе, ал 2050 жылға қарай ЖЭК және баламалы энергия көздеріне - жиынтық энергия тұтыну мөлшерінің кемінде жартысына жетуі тиіс.