Сенаторлар зиянды жұмыс істейтін адамдарға арнайы әлеуметтік төлем беру туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Заңға сәйкес, оны азаматтар 55 жасқа толғанда, жұмысынан кеткенде немесе басқа жеңіл қызметке ауысқан кезде алады. Бірақ кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы төленуі шарт. Келесі жылы мұндай төлемді елде 37 мың азамат алады деп жоспарланып отыр.
- Оларға ай сайын 208 мың теңге төленеді. Республикалық бюджет туралы заң бекітілді. Сол заңда ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 мың теңге деп бекітілді. Демек, 43 мың теңгені жұмыс беруші, 43 мың теңгені өмірді сақтандыру компаниясы және орташа есеппен 35 мың жинақтаушы зейнетақы қоры төлейді, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова.
Мұндай жәрдемақыны алу үшін қызметкерлер жұмыс орны бойынша кадр бөліміне хабарласып, тиісті өтініш жазуы қажет. Бұл ретте шахтер зиянды еңбек жағдайындағы жұмысын тоқтататынын және кез келген басқа жұмысқа ауысатынын мәлімдейді. Осы өтініш Еңбек министрлігінің жүйесіне автоматты түрде жіберіліп, бұл адамға арнаулы әлеуметтік төлем бекітіледі. Ал өтінім берген азаматқа ақша бірнеше жерден біріктіріліп бірге түседі.
– Зиянды жерде жұмыс істеген кезде тек мемлекет немесе жұмыс беруші ғана қолдау көрсетіп келе жатқан болса, енді зейнетақы және сақтандыру қоры да төлейді. Міндет – жұмыс берушінің жауапкершілігін арттыру, осы мәселе негізгі міндет болып отыр, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әсем Рахметова.
Сенатордың сөзінше, заңды қабылдаудағы негізгі мақсат – азаматтардың қоғамдық бірлестіктер құру рәсімін жеңілдету және зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру. Жоғарғы палата депутаттары аталған заңды қабылдады. Енді Мемлекет басшысы қол қойса, құжат күшіне енеді.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телаарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Мобильді аударымдар бойынша салық бақылауы қалай жүргізіледі