Тікелей эфирдегі бағдарламаға хабарласқан астаналық азамат дуадан қалай құтылғанын айтып берді. Оған жолшыбай кездескен таксист имам көмектескен екен, деп жазды stan.kz.
Бағдарламада дуалау мәселесі сөз болды. Көріпкелдер мен энергетиктер, дәрігер мен имамдар сөз талыстырды. Дәрігер ғылым тұрғысынан сөз сөйлесе, имам дін тұрғысынан мысалдар келтірді.
Эфирде қонақ болған Құралай ханым дуалаудың бар екенін, дуаланған адамды бірден танитынын айтты. Имам оның дұрыс жолда емес екенін түсіндіруге тырысты.
Бағдарламаға хабарласқан астаналық азамат өз басынан өткен жайтты айтып, мұның мәнісін имамнан сұрады.
«Мен бір кездері бір қызға ғашық едім. Ес-түсімді білмей ғашық болдым. Бар ақшамды соған бердім. Жұмысынан күтіп алып, шығарып салдым. Бойымды бір күш билегендей болды. Есімнен адасардай күйде едім. Бір күні такси ұстадым. Имам кісі тоқтады. Дін жолындағы адам екенін түсінген соң басымдағы жағдайды баяндадым. Екеуміз бір сағаттай сөйлестік. Ол кісі маған телефон арқылы Құран сүрелерін оқытты. Сосын қандай өзгерістер бар деп сұрады. Мен көзімнің қарауытып кеткенін айттым. Өзгеше күй кештім. Ол кісі маған тағы да сүрелер оқытты. Осыдан соң бір аптадан кейін мен ол қызға бармайтын болдым. Оны іздеуді қойдым. Сондағы имамның маған қандай сүре оқытқанын білмеймін. Бұл нәрсе исламда қалай бағаланады?», – дейді жігіт.
Имам Ғазиз Ахмет дуалаудың исламда бар екенін, дуаны, жынды Құран сүрелерімен қайтаруға болатынын айтты. Дуалаудың да пайғамбар (с.ғ.с.) заманында да болғанын алға тартты. Ал, көріпкелдердің дуаны қайтара алмайтынын, оларға сенбеу керек екенін жеткізді. Көріпкелдердің өзі жындар арқылы байланысқа шығатынын айта келе, дуалаумен айналысатындардың үлкен күнә жасап отырғанын сөз етті.