IBF Халықаралық бокс федерациясы орта салмақтағы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко арасында жекпе-жекті тағайындады. Енді тараптар кездесудің күні мен орнын таңдаулары қажет, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Сауль Алварес Канело IBF белдігенен бас тартуына байланысты яғни сол белдікке үміткер міндетті екі боксшы бар. Ол Геннадий Головкин және Сергей Деревянченко. Жалпы, Геннадий үшін қолайсыз қарсылас Деревянченко. Біз оны жақсы білеміз, «Астана арланс» сапында талай жыл өнер көрсетті. Әуесқой бокста жақсы қырынан танылған боксшы. Кәсіпқой бокста да тек бір ғана мәрте жеңілді. Бұл жолғы кездесу биылғы жылдың басты кездесулердің бірі болады. Одан біз не күтеміз? Геннадий Головкин сәл де болса фаворит. Дегенмен де, Деревянченко да осал жау емес. Жекпе-жек Деревянченконың пайдасына шешіліп кетуі де мүмкін. Менің ойымша, ол Канело Альварестен еш кем емес. Өте мықты. Негізі Геннадий Головкинге Сергеймен кездесу аса қажет емес. Жалпы IBF белдігі де қажет емес. Өйткені оның абыройы қазір әлемдік бокста шарықтап тұрғанын білесіздер. Бұл Геннадий Головкин үшін жағымсыз жаңалық деп айтуға да болады», – деді спорт сарапшысы Рауан ОҚАС.
Боксшыларға 30 күн берілген, егерде олар 4 қыркүйекке дейін келіспесе, промоутерлік саудаға тапсырыс беріледі. Сондықтан бұл жекпе-жектен екі спортшы да бас тарта алмайды.