Кәсіпкерлер жерасты өткеліндегі сауда орындарын қайтаруды сұрайды

Ондағы сауда нүктелерін жабу салдарынан 5 мың азамат жұмыссыз қалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жер асты өткелінде кәсібін дөңгелетіп отырған бұрынғы жалға алушылар сауда нүктелерін қайтаруды сұрайды. Кәсіпкерлердің сөзінше, бұған дейін мұндай орындарды жабудың салдарынан нәпақасын тауып отырған 5 мың азамат жұмыссыз қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 Олар өз өтініштерін Алматы қаласының әкімдігіне жолдаған. Аталған арыз бүгін қоғамдық кеңестің отырысында қаралды.

«Жер асты өткелінен де жақсы сауда орнынан нүкте береміз деп бізді көндірді. Біз содан кейін көшуге келісім берген болатынбыз. Мен жер асты өткелі таза, ұқыпты болып тұруына қарсы емеспін. Мен екі жылдан бері жұмыссыз жүрмін. Бізге жеке жобаны әзірлеуге мүмкіндік берілуін сұраймыз», – деді кәсіпкер Сергей ПАК.

Бүгін сондай-ақ «Бюджетке қатысу» жобасы да таныстырылды. Оның аясында қаланың әр ауданына нақтылы қаражат аударылып, ал халық оны өздері үшін маңызды бағыттарға бөлінуін бақылай алады. Бұл тұрғыда өз ұсынысын тек отандастарымыз ғана емес, шетелдік азаматтар да жолдауына болады. Жоба құны 100 миллион теңгеден аспауы тиіс. Одан бөлек, автор идеясын 10 қала тұрғыны қолдау көрсетуі керек.

«Өтініштер budget.open-almaty.kz порталы арқылы қабылданады. Бұл тәжірибе барлық әлемнің дамыған қалаларында іске асырылады. Атап өтсек, Нұр-Сұлтан, Париж, Лондон, Сеул және Киев сынды қалаларда жұмыс істеп жатыр», – деді Алматы қаласы Стратегия және бюджет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар ЖАЗЫЛТАЕВА.

Новости партнеров