Қазақстанда жаңа қалалар пайда болуы мүмкін. Елде қазір 10 мыңнан аса тұрғын өмір сүріп жатқан 112 ауыл бар. Оның 18 елдімекенінде 30 мыңнан көп адам тұрып жатыр. Ал республикадағы 13 қала керісінше ауылға айналуға шақ тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстанда 6 мың 256 ауылдық елдімекен бар. Онда 7 миллион 600 мың адам тұрады. Яғни, елдегі халық санының 38 пайызы ауылда өмір сүріп жатыр. Дегенмен республика бойынша 18 елдімекеннің аудандық маңызы бар қалаға айналуына мүмкіндігі бар көрінеді. Олардың статусын облыс мәслихатының деңгейінде өзгертуге болады. Қазір әкімдіктер жергілікті халық қалаулыларының өтінішін қарап жатыр. Ал елдегі қаңырап бос тұрған, қираған ғимараттары көп 13 қаланың керісінше ауылға айналып кетуі әбден мүмкін.
– Елде 13-ке жуық қала бар. Осындай қала статусы бар. Бірақ халықтың саны 10 мыңнан төмен. Мысалы Шар, Қазалы қаласы бар. Сол қалаларды да дәл осылай жергілікті әкімдік мәслихаты мен халық бірге отырып, шешімді қабылдау керек, – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.
Үкімет отырысында бизнес үшін жаңа цифрлық жүйе құрылатыны белгілі болды. Қазір мемлекеттік кірістер комитетінің барлық ақпараттық жүйесіне тәуелсіз ІТ-аудит жүргізу басталған. Биыл салық және кедендік ақпараттық жүйелерді интеграциялау аяқталады. 14 жүйенің орнына тек бесеуі жұмыс істейді. Қаржы министрі «кедендегі жемқорлықтың алдын алу үшін жасанды интеллект қолданылады» дейді.
– Жаңа ақпараттық жүйе дайындап жатырмыз. Жасанды интеллект электронды кезекті реттеп отырады. Біздің ойымызша, бұл жемқорлық тәуекелін алдын алуға көмектеседі. Бағдарлама жылдың ортасында дайын болады. Көктемде барлық кедендік бекеттерге орнатамыз. Жылдың соңында алғашқы нәтижесін көреміз, – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов салық пен кедендік әкімшілендіруге 226 мың шағым түскенін айтып, Салық туралы кодексті жеделдетіп, уақытында қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Премьер-министр «құжат кәсіпкерлер мен қарапайым халыққа түсінікті болуы шарт» дейді.
– Жаңа салық кодексі әзірленіп жатыр. Оған қойылатын талап өте қатаң. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін ұсынылған тәсілдерге қатысты орынды сын айтылған болатын. Бизнес пен қоғам бұдан оң өзгеріс күтіп отыр. Ең бастысы, ол ашық, бәріне түсінікті және үйлесімді болуы керек. Алайда кодексті әзірлеу тым созылып барады. Сондықтан бұл жұмысты жедел аяқтау қажет, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Қаржы және экономика министрліктері Салық кодексін жан-жақты қарап, зерттеп жатқанын мәлімдеді. Аталған құжат осы жылы мамырда Парламентке ұсынылады.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астанадан
Оқи отырыңыз: Желге ұшқан ақша: жылда жөнделетін жол неге сапасыз