Корея, Үндістан және Индонезия елшілері қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады

Корея, Үндістан және Индонезия елшілері қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады
Елшілер Тәуелсіздік жылдарындағы Елбасы еңбегін, әлемдік деңгейдегі қайраткерлігін жоғары бағалап, ел болашағының жарқын болуын тіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Корея, Үндістан және Индонезия елшілері қазақстандықтарды ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Корея, Үндістан және Индонезиның Қазақстандағы елшілері барша қазақ жұртын ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады. Елшілер Тәуелсіздік жылдарындағы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін, әлемдік деңгейдегі қайраткерлігін жоғары бағалап, ел болашағының жарқын болуын тіледі.

«Мен сіздерді шын жүректен Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазіргі Қазақстанның негізін қалаған батыр. Мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстанның 300 жылдық тарих ағымын өзгертіп, заманауи, тәуелсіз мемлекет құрған көшбасшы деп ойлаймын. Сонымен қатар, оны Корея Республикасымен берік, достық қарым-қатынастың іргетасын қалаған басшы ретінде білемін. Мен шетелдік азамат ретінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа зор құрметімді білдіремін. Зор денсаулық тілей отырып, көшбасшылық қабілетін Қазақстанның тұрақты дамуына жұмсай беруіне тілектеспін», - дейді Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Өкілетті және Төтенше елшісі Ким Дэсик.

«Индонезия Республикасының Нұр-Сұлтандағы елшілігінің атынан сіздерді айтулы мереке - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Елдің негізін қалаушы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттің дамуы мен гүлденуіне өлшеусіз үлес қосты. Қысқа уақыт аралығында біртұтас ұлтпен өркендеген мемлекетке айналып, 2050-інші жылдың қарсаңында әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру жоспарын іске асыруда. Осы айтулы күні сізге амандық, зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тілеймін», - деп жылы лебізін білдірді Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рахмат Прамоно.

Ал Үндістан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Прабхат Кумар мерекеге орай Үндістан үкіметі мен халқы атынан Қазақстанда және шетелде тұратын барлық Қазақстан азаматтарын құттықтады.

«Дәл осы күні Қазақстан азаматтары Аса мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның Тұңғыш Президенті етіп сайлады. Енді ғана тәуелсіздік алған елдің қандай қиындықтар мен сын-тегеуріндерге ұшырайтыны Үндістанға аса мәлім. Тұңғыш Президенттің кемеңгер көшбасшылығының арқасында бүгін Қазақстан әлемнің жетекші елдерінің қатарында. Қазақстан азаматтарын бүкіл Үндістан халқының атынан тағы да құттықтап, Аса мәртебелі Елбасыға ұзақ өмір және мықты денсаулық тілегім келеді. Үндістан мен Қазақстанның ынтымағы жасай берсін», - дейді Прабхат Кумар.


Новости партнеров