Басыма түскен қайғыны қызыма оқ атқан адамға да тілемеймін – Айкөркемнің әкесі

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгін бұл отбасы үшін ауыр тиген азапқа тура 40 күн толды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған 4 жастағы Айкөркем Меделханның отбасына баспана беріледі. Бүгін бұл отбасы үшін ауыр тиген азапқа тура 40 күн толды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыдағы тәртіпсіздікте оққа ұшқандардың қатарында балалар да бар еді.  

Айдос Меделхан «жанға жара салған оқиғаға бүгін 40 күн толды» дейді. Бауырларына ілесіп, дүкенге шыққан 4 жастағы қызына қаңғыған оқ адасып тиіп, жазым қылған. «Есті алып, есеңгіретіп кеткен сол күннен бері қызымның үні құлағымнан кетпейді» дейді әке.

«Бір ғана нәрсе айтқым келеді. Балаларға қару атпаңдар! Баланың кінәсі жоқ! Басыма түскен нәрсені менің қызыма атқан адамға да тілемеймін...», - деді Айкөркемнің әкесі Айдос Меделхан.

Алаңда оқ жауып жатқанда көлік ішінде Айкөркемнен өзге, оның 3 бауыры бар еді. Олар да түрлі деңгейде жарақат алған. Екі отадан өтіп, енді қалыпқа келуге тырысып жатқан Жанель де осы үйдің қызы. Сол күндердің тәнге салған жарасынан бөлек, жанды сыздатқан әсері ұмытылмайтынын түсінген көпшілік бұл отбасыға қолдан келгенше көмектесіп-ақ жатыр.

«Қалалық әкімдікпен бірлесіп Айдос Меделханұлының отбасына 3 бөлмелі пәтер сыйлау туралы шешімге келдік. Олар үйге екі айдан соң орналаса алады», - деді құрылыс компаниясының директоры Земфира Узиева.

«Аумағы 90 шаршы метр болатын жаңа пәтердің қазіргі таңда келісімшарты бар. Қайрат ықшамауданында орналасқан жаңа үйден пәтер беріледі. Ішінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл отбасы жақын арада жаңа пәтерге көшіп келетін болады», - деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Айдос Бекетаев.

Отағасы сондай-ақ атыс кезінде көлігіне де зақым келгенін айтады. Оның айтуынша, баласы айдаған автомобильге 20 рет оқ атылған. Аудандық әкімдік өкілдері бұл мәселе де жақын арада шешімін табады дейді.

Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров