Атырауда көпқабатты жаңа үйдің шатырынан аққан су жертөлеге толып қалған

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұрғындардың 340 млн теңгеге салынған үйдің сапасына көңілі толмайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атыраудағы Нұрсая ықшамауданында 2017 жылы пайдалануға берілген №111 үйдің жертөлесіне су толып қалды. Соның салдарынан, төменгі қабатты сыз мазаласа, шатырдың тесігінен аққан су жоғарғы қабатта тұратындардың пәтерін бүлдірген. Аталған тұрғын үй арнайы жеңілдікпен әлеуметтік деңгейі төмен отбасыларға берілген еді. «Қарызды өтеп болғанша, үй апаттық жағдайға түспей ме?» деген тұрғындардың шағымын Almaty.tv тілшісі тыңдап қайтты.

  

2017 жылы 340 миллион теңгеге салынған Нұрсая ықшамауданындағы №111 үйдің тұрғындары Үкіметтен берілген үйдің сапасына көңілі толмайды. Олардың айтуынша, онсыз да қабырғалары жарылып, жылу беру маусымында жертөле суға толады екен.

«Бізге бұл пәтерлер тегін берілмейді, мұнда мемлекеттік қызметкерлер, аз қамтылған, мүгедектік топтағы адамдар мен жетімдер тұрады. Бұл пәтерлерді олар жоқ дегенде 7-8 миллионға сатады. Осы ақшаға біз 2-3 жылда төбемізге құлағалы тұрған пәтерді сатып алуымыз керек пе?!», – деді Нұрсая ықшамауданының тұрғыны Майсура Ерғазықызы.

«Жап-жақсы салынған үй. Не себептен су кетіп жатыр. «Арал» ЖШС-і «Біз бұған жауапты емеспіз, бұл орталықтандырылған құбыр, оның бізге қатысы жоқ» деді де, жоқ болып кетті. Содан кейін ПИК те «Қатысымыз жоқ, әкімдікке барыңдар» деді. Сөйтіп біреуі анда, біреуі мұнда жібереді. Үйдің іші шіріді, бәрін сыз басты. Электр желілері де істемейді, шам салсаң жанып кетеді, желінің бәрін су басқан», – дейді Нұрсая ықшамауданының тұрғыны Ұлпан Тілеумағанбетова.

Ал үйді салған құрылыс компаниясы қазіргі кезде банкротқа ұшыраған. Дегенмен, келісімшартта көрсетілген 2 жылдық мерзімі толығымен өтеліп кетті дейді әкімдіктегілер.   

«Құрылыс бөлімі ақпарат бойынша толығымен жоба бойынша салынған. Енді су арнасынан арнайы мамандар келіп көмек көрсетеді. Және тұрғындардың өтініші бойынша техникалық зерттеу жүргізіледі, ол туралы қосымша ақпарат беріледі», – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Үкіметтен жеңілдікпен берілген үйлердің сапасы да жеңіл болғаны тұрғындардың мазасын кетіріп тұр. Берілгеніне 5 жыл толып үлгермесе де, тұрғын үйдің ажары кеткен. Алайда, жауаптылар мұндағы азаматтардың Пәтер иелері кооперативіне 500 мың теңге қарыз екенін жеткізді. Соған қарамай-ақ, ағаттықтың алдын алып, үйге тексеріс жүргізіліп, шаралар қабылданады деп уәде берді.

Новости партнеров