Қарғын су: Петропавл қаласының тұрғындарына пәтер кілті табысталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Зардап шеккендерге тұрғын үйден жеке пәтер немесе ықшамаудандағы жер үйдің бірін таңдауға мүмкіндік беріледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавл қаласының тұрғындары қоныс тойды тойлауды бастап кетті. Өңірде пәтер кілті 70-тен аса отбасыға табысталды. Шаһар тұрғындары баспананы өзі таңдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өңірде 200-ден астам адам Солнечный-2 ықшамауданында салынып жатқан үйлерді жоғары бағалаған. Себебі мұнда балабақша құрылысы да қарқынды жүріп жатыр.

Баспанасы қайта жөндеуге жарамайтын жандардың бірі – Анастасия Дымчак. Ол жұбайы және екі баласымен бірге алғашқылардың бірі болып жаңа пәтерге қоныстанды.

– Дән ризамыз. Балалардың жеке бөлмесі болады. Таңдаған пәтерлердің ішінде көңілге жаққаны осы болды, – деді қала тұрғыны Анастасия Дымчак.

Бағалау комиссиясының жұмысы әлі аяқталмады. Су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үйден жеке пәтер немесе ықшамаудандағы жер үйдің бірін таңдауға мүмкіндік беріледі.

– Пәтер алып жатқан адамдар бар. Бүгінгі таңда 70-тен астам пәтер сатып алынды. Тұрғындар көшіп жатыр. Солнечныйдағы үйлер де тұрғындарға беріледі, – деді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Әсем Айтуллова.  

Тұрғын үйден бөлек, қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай маңызды нысандардың бірі – күзде қолданысқа берілетін балабақша.

– Жұмыс қызу жүріп жатыр. Қазір 5 техника мен 5 адам жұмылдырылып отыр. Алдағы уақытта жұмыс күрделене түседі. 50-ге жуық адамды еңбекпен қамтимыз. Балабақша іргетасы дайын өнімдерден салынады, – деді құрылыс алаңының басшысы Фархат Сейпилов.

Ал 90 балаға шақталған балабақша жеке инвесторлардың көмегімен тұрғызылады. Ал ықшамаудандағы 700 үй мен бір балабақшаның құрылысына 1200 адам, 60 техника жұмылдырылған.  

Рүстем Айткәрім, Нургуль Алина, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қарғын су: Құлсарыдағы үй құрылысы қашан аяқталады

Новости партнеров